Назарбаевтың күйеубаласы Құлыбаев қызметінен кетеді деген сыбыс шықты

Сағыныш Сардарова 02 ақп. 2024 16:01 3669


Желіде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев Ұлттық Олимпиада комитеті төрағасы қызметінен кетеді деген ақпарат тарады. Бұл туралы "Чемодан госсекретов" телеграм арнасында жазылған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.


Телеграм арна мәліметінше, бұл Токио мен Азиада Олимпиадасындағы сәтсіздіктерге байланысты.



"Құлыбаев спорттан қол үзді, сондай-ақ, ұйымның қызметін қаржыландырғысы келмеді деп айыпталып отыр. Ол толықтай республикалық бюджетке сүйеніп алған... Құлыбаевтың спорттан кетуі кәсіпқой спортшыларды дайындауға және бұқаралық спортқа деген көзқарастарды қайта қарауға әсер етеді", - делінген жазбада.



Сонымен қатар, жазбада Кеңес Рақышев те бокс федерациясының басшысы қызметінен кететіні айтылған.


Бұған дейін депутат Ермұрат Бапи Ұлттық Олимпиада комитетіне Тимур Құлыбаев басшылық қызметке келгеннен бастап қазақ спорты құлдырап кеткенін айтты.



"Оның ойы елдің мұнайын сатып, қалтасын толтыру. Спортты қайтсын?! ...Париж Олимпиадасы қарсаңында мұндай жағдайға мүлдем жол берілмеуі тиіс! Ұлттық Олимпиада Комитетіне түбегейлі өзгерістер керек", - деген еді Бапи.



Депутат Ерлан Саиров та спорт процесіне бай шенеуніктерді қатыстырмай, түгел алып тастауды ұсынды. 



“Министрлікке Қазақстанның спорттық процесіне олигархтарды қатыстырмай, түгел алып тастауды ұсынамын. Қазір Тимур Құлыбаев пен оның қарамағындағылар отандық спортқа кедергі келтіріп жатыр. Бұл мәселені қалай шешеміз? Құзыретті министрліктің олигархтарды спорттан қууға құқығы бар ма? Соңғы төрт жылда көрші Өзбекстанға жете алмай келеміз. Әйтпесе Қазақстан спортқа 1 млрд доллар бөледі. Көршіміз мұндай қаржыны бөлген емес. Сонда миллиардтың бәрі ұрланып жатыр деген сөз ғой” – деді Саиров.




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар