Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи инсайдерлік ақпарат көзіне сүйене отырып, Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш шартты түрде сотталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды
Dalanews.kz.
Бапидің сөзіне сүйенсек, 26 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш жабық соттың шешімімен 8 жылға шартты түрде сотталған. Сонымен қатар, "ДАТ" инсайдерлік ақпарат көзіне сүйеніп, Әбіштің генерал атағы мен мемлекеттік марапаттары алынғанын, бірақ меншік-мүлкіне конфискация жасалмағанын мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, бұған дейін Қазақстанда ешкім 8 жылға шартты түрде сотталмаған. Ал 2022 жылғы қаңтарға дейін Самат Әбіш ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
"Соған қарағанда, мүдделі біреулер "8 жыл" деген едәуір жазамен қоғамды алдарқатып, ал шындығында Самат Әбішті түрме жазасынан алып қалған. Қаңтар оқиғасына бірден-бір кінәлі күштік құрылымның жоғары дәрежелі лауазымгері осылайша тиісті жазадан құтылды. Әлбетте, бұл "комедияның" басты режиссері Нұрсұлтан Назарбаев екені тайға таңба басқандай аян жағдай.
Ең қиыны – бұл Әділетті Қазақстан құру бастамасын алға қойған қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың беделіне белгілі бір деңгейде нұқсан келтіріп, халықтың онсыз да төмен билікке деген сеніміне тағы бір үлкен сызат түсіргелі тұр.
Жағдай осылай жалғаса берсе, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қайғылы оқиға – Қаңтар қасіретін ұйымдастырған қылмыскерлер түк болмағандай, Самат сияқты сайран салып, тайраң қағып, меншік-мүліктері де тәркіленбей, емін-еркін жүре беретін болса, керісінше, ешнәрсені бүлдірмеген, ешқандай қылмысы жоқ қоғам белсенділері жазықсыз қудаланып, нақты жазаға тартыла беретін болса, онда – жаңа Қазақстанның таңы жақын жылдарда ата қоймайтыны анық.
Бұл қазақ қоғамын әбден ызаландырып, халықтық көтеріліске соқтыруы бек мүмкін! Отыз жыл бойы әлаулайым таусылса, хәлаулайым бар деген бітпес ертегіге алданып келген халық енді отыз күн алдауға да көне қоймас!" - деді депутат.
Ермұрат Бапи Мемлекет басшысының жыл басында "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында айтқан мына пікірін келтіреді: "...Бір сөзбен айтсақ, ескі жүйе келмеске кетті. Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болды деп сеніммен айта аламыз. Мұның еліміз үшін айрықша маңызы бар. Себебі ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді. Жұрттың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігі демократиялық жаңғырудың басты кепіліне айналды. Тоқетерін айтсақ, кері кетуге халықтың өзі жол бермейді және елге жаңа леп әкелген осы өзгерістерді табандылықпен қорғайды. Мен бұған бек сенімдімін».
Сонымен қатар, депутат Қаңтарға қатысы бар қалталылар өз деңгейінде жауапқа тартылмаса, опа әкелмейтінін жеткізді.
"Бұдан ұғатын тағы бір кереғар ой – Самат Әбішке қатысты ескі жүйенің әлі ешқайда кете қоймағаны! Егер әділетті, жаңа жүйе қалыптасты десек, онда тек ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары ғана емес, 238 адам қаза тауып, миллиардтаған материалдық шығын әкелген Қаңтар қасіретіне жауапты үлкенді-кішілі барлық шенділер түгелдей жауапқа тартылып, тиісті жазаларын алулары керек еді. Үлкен өкінішке қарай, әлі олай болмай тұр. Отыз жыл бойы қара халықты зар қақсатып, еліміздің бар байлығын бауырына басқан ескі Қазақстанның өкілдері бұған барынша қарсылық көрсетіп, өткенді аңсап, соған қайтып келуге тырысып бағуда. "Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі" дейді қазақ даналығы.
Егер жаңа Қазақстан ескі Қазақстанға қатысты солқылдақтық танытып, бұрынғы президенттің маңына топтасқан, 220 триллион теңгені заңсыз иемденген, ақыр соңында Қаңтар қасіретін ұйымдастырған олигархтарды қылмысына сай жауапқа тартпаса, бұл ешқандай жақсылыққа әкелмейді", - деді Бапи.
Самат Әбіштің үстінен Қылмыстық кодексі 362-бабы 4-бөлігі бойынша ("Билікті немесе лауазымды өкілеттіктерді асыра пайдалану") қылмыстық іс қозғалған еді.
Ал жуырда бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш Қазақстаннан кетпегенін мәлімдеген еді.
Еске салайық, бұған дейін "Дикий Арман" қаңтарда Самат Әбіштің қандай бұйрығын орындағаны белгілі болған еді. Бұл туралы Қаңтар оқиғасынан кейін жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп айыпталған полковник Руслан Ысқақов "Новая Газетаға" айтып берді.
Руслан Ысқақов қаңтар оқиғасына байланысты өткен сот отырыстарының бірінде Самат Әбіштің бұйрығын орындағанын айтты. Әбіштің бұйрығымен Ысқақов Дикий Арманды бұл іске тартқан көрінеді. Жұмагелдиев қылмыс әлеміне қатысы бар және Назарбаевтар әулетінің тапсырмасын орындаушы ретінде белгілі.