Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бастаған топ Қ.А.Яcсауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім саласына қатысты жиын өткізді. Жиынға жергілікті депутаттар мен зиялы қауым өкілдері, білім саласының қызметкерлері қатысты.
Басқосуда қатысушылар білім саласындағы түрлі проблемаларды көтерді. Бірі сабаннан салынған мектептерге алаңдаушылық танытса, келесісі үш ауысымдық білім ұяларының жағдайы мазалайтынын жеткізді.
Жиынға қатысушылар үш тілділік пен суицид жайына да назар салды. Айтуларынша, жыл басынан бері аймақта 49 мектеп оқушысы мен жастар суицидке барған. Жастардың өз-өзіне қол жұмсауына қатысты пікір білдірген Дариға Назарбаева барлық жауапкершілікті үкіметке жауып қоя салу дұрыс емес деп санайды.
«Суицид деп кеттіңіздер. Барлық жауапкершілікті үкіметке жабуға болмайды? Жанұя қайда? Балалар үйде тұрады, әке-шешелері, бауырлары бар. «Өмірде не қызықтырып жүр?» деп неге сондай сұрақтарды қоймайсыздар? Мұғалімдер қайсысына жетеді? Ата-ана үлкен жұмыс жасау керек» деген вице-премьер қазақта «көршінің баласы» деп салыстыратын ата-аналардың ол әрекеті теріс тәрбие беретінін де жасырмады. Ал мектеп пен балабақша тапшылығына қатысты ойын жеткізген Дариға Назарбаева ел демографиясының артуына оңтүстікқазақстандықтардың ерекше үлес қосып отырғаны соншалық нәтижесінде мемлекет мектеп мен балабақша салып үлгере алмай жатқанын да айтып қалды.
«Біз Қ.А.Яссауи кесенесінде болдық. Онда барлық жақтан туристер келеді. Осы кесенелердің тарихы бар жерде қарасаңыздар тек қазақ тілінде жазылған. Неге? Мұнда орыстар, шетелдік туристер келмесін дейсіздер ме? Дұрыс емес ол», – деп ойын жеткізген вице-премьер үш тілді меңгеру ел абыройын шетелдіктер алдында асқақтатып жібереді деген сенімде.
Дереккөз: nur.kz