Азаматтық қоғам құрылғанда өзге ұлттың өкілдері де Мемлекет басшысы болып сайлануға мүмкіндік алмақ. Бұл туралы бүгін ақпарат құралдарында жарияланған Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылды.
«Орыс тілін білу маңызды болып қала береді. 2016 жылдан бері жаңартылған бағдарлама бойынша орыс тілі қазақ мектептерінде 1-сыныптан бастап оқытылып келеді. 2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында.
Соның нәтижесінде, Назарбаевтың айтуынша, біздің барлық түлектеріміз Қазақстанда және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады.
«Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады. Кез келген этникалық топтың өкілі кез келген жұмысты таңдай алады, тіпті Президент болып сайлануға да мүмкіндігі болады. Қазақстандықтар біртұтас ұлтқа айналады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Азаттық радиосының дерегінше 77 жасар Назарбаев елді 1991 жылдың 10 қаңтарынан бері басқарып келеді.
Содан бері ол осы қызметке бірнеше мәрте сайланды.
1990 жылы 24 сәуірде Қазақ ССР-інде алғаш рет президент қызметі енгізілді. Жоғары Кеңес бұл қызметке сол кезде республика компартиясын басқарған Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Ол 1989 жылы 22 маусым күні Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалған.
Қазақстанда 1999 жылы мерзімінен бұрын өткен президент сайлауы кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабы сайлау біткен соң «Отан» саяси партиясына айналды. Кейін атауын «Нұр Отан» партиясы деп өзгерткен саяси ұйым қазір Қазақстанда заң шығарушы, атқарушы және жергілікті өкілді органдарды бақылап отыр.
2010 жылы 15 маусым күні Қазақстанда билікте отырған елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Елбасы» (орысша «Лидер нации») деген ресми атақ беру заңмен бекітілді.
Заң бойынша, Елбасының бейнесін бүлдіру әрекеттерін жасағандарға айыппұл немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал баспасөз құралдары арқылы жасалған нақ сол әрекеттер үшін үш жылға дейін бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған. Заңда Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына қол тигізбеу құқығы да атап жазылып, оны бұзғандарға бес жылға дейін бас еркіндігінен айыру жазасы белгіленді.