Freedom Inside '26

Назарбаев "Аманат" мүшесі емес – Үкібай

Назарбаев "Аманат" мүшесі емес – Үкібай
Михаил Метцель / ТАСС

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазір "Аманат" партиясының мүшесі емес. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Азаттыққа берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкібайдың айтуынша, Назарбаевтың бүгінде партия жұмысына да, ондағы қазіргі өзгерістерге де қатысы жоқ. Ол экс-президенттің мемлекет басшысы ретіндегі өкілетін 2019 жылы тоқтатқанын еске салды.

"Нұрсұлтан Әбішұлының партияға қандай қатысы болуы мүмкін? Ол президенттік өкілетін 2019 жылы тоқтатты", – деді Айдос Үкібай.

Баспасөз хатшысының сөзінше, Назарбаев қазіргі уақытта саясатқа араласпайды. Осылайша ол экс-президенттің өзі негізін қалаған партиядағы процестерге ықпал етуі мүмкін деген пікірлерге жауап берді.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда Қазақстан халқына үндеу жасап, президенттік өкілетін тоқтататынын жариялаған еді. Биыл оның мемлекет басшысы қызметінен кеткеніне жеті жыл болды.