Навальный Ресейге оралып, қызметін жалғастырады

Dalanews 16 қыр. 2020 06:29 824

Берлиндегі «Шарите» клиникасында емделіп жатқан ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный өзіне «у беру ісін» Ресей тарабымен бірігіп тергеуді ұсынған Германия прокуратурасының ұсынысына қарсы болған.

Бұл туралы Германияның қауіпсіздік органындағы жоғары лауазымды ресми тұлғаға сүйенген The New York Times басылымы хабарлады.

Басылымның ақпарат көзінің айтуынша, жақында ғана комадан тұрған Навальный «есін толық жиған, өз жағдайынан толық хабардар».

Дүйсенбі күні Франция мен Швецияның тәуелсіз зертханалары да Навальныйға «Новичок» тобына жататын қауіпті у берген деген бундесвер мамандарының қорытындысын растаған еді. Осы ақпарат шыққаннан кейін бірнеше сағат өткен соң Германия прокуратура өкілдері Навальныймен кездескен.

Навальныйдан алынған тағы бір сынама үлгісі жақын күндері Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым сарапшыларының зертханасында тексеріледі.

22 тамызда Омбыдан Берлиндегі «Шарите» клиникасына ауыстырылған Навальныйдың қауіпсіздігі күшейтілген. Оның денсаулығы барған сайын жақсарып келеді, қазір оған жасанды тыныс алу аппаратының көмегі қажет емес, төсектен өздігімен тұрып, жүре алады. Клиника таратқан соңғы мәлімет осындай.


Германияның қауіпсіздік органының өкілі басылымға Навальный жазылғаннан кейін Ресейге оралатынын айтқан. «Ол Германияда қалмайды. Үйіне, Ресейге оралып, қызметін жалғастырғысы келеді» деді ақпарат көзі.

Әзірге ресейлік саясаткер не оның өкілі америкалық басылымда жазылған мәліметке түсініктеме бермеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар