"Науқастар дәрісіз қалып отыр". Белгілі адвокат үкіметке үндеу жасады

Көркем Алдабергенова 31 шіл. 2025 09:34

Адвокат Саида Тәукелева ертең Үкіметте орфандық (сирек кездесетін) ауруларға шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне арналған маңызды жиын өтетінін хабарлады. Оның айтуынша, жиынға «Қазақстан халқына» қорының өкілдері де қатысады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Қазір тағы да жеті өңірдің науқастарын қамтамасыз етуге дайынбыз деген мәлімдемелер айтылып жатыр. Бірақ ол уәделердің артында нақты құқықтық немесе қаржылық кепілдік жоқ. Акиматтардан жолданған хаттар – бұл жай ғана хаттар. Олар қымбат дәрілерді тұрақты сатып алу мәселесін шешпейді, жүйелік проблеманы түбегейлі жоя алмайды», – деді Тәукелева.

Оның айтуынша, бұл – тек статистика не әлеуметтік жобалар емес, нақты адамдардың – балалар мен ересектердің өмірі туралы мәселе.

«Қазақстан халқына» қорының міндеті қандай?

Саида Тәукелева қордың басты мақсаты – дәл осындай ең осал топтарға көмек көрсету екенін еске салды.

«Бұл – қордың жарғылық қызметі. Басты басымдық – білім беру жобалары немесе қосалқы бастамалар емес, орфандық ауруға шалдыққандарды қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Бұл – өмір мен өлім мәселесі. "Қызық" бағыттарды таңдауға болатын опция емес», – деді ол.

Мемлекет пен Қордың жауапкершілігі

Адвокаттың айтуынша, мемлекет мұндай науқастарды дәрімен қамтуға тікелей жауапты. Алайда дәл осы міндетті орындауға Үкіметтің кейде қауқары жетпеген жағдайда, «Қазақстан халқына» қоры – қолдау құралы ретінде құрылған. Сондықтан қор шұғыл әрекет етуі тиіс, дейді ол.

«Бүгінде басымдықтар нақты қойылуы керек. Ең бастысы – науқастарға дәрі жеткізу. Қалған жобалар кейін тұруы тиіс. Баста!» – деп түйіндеді Тәукелева.

Ол қазіргі уақытта орфандық науқастар дәрі-дәрмексіз қалып отырғанын айтып, бұл мәселені ертең үкімет алдында ашық көтеретінін жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар