Нарынқол ауылына бір жылда 1200-дей тұрғын қайтып оралған

Dalanews 17 қыр. 2019 12:57 1846

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Райымбек ауданының жаңа әкімі Нұрлан Құдайбергеновті жұртшылыққа таныстырды. 

Аудандық мәслихаттың кезектен тыс VIII сессиясына қатыс аймақ басшысы бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған Нұрлан Құдайбергенов халықпен жұмыс істей білетін, тәжірибелі маман екенін атап өтіп, бұл кандидатураға ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімін алғанын айтты. 

Бұған дейін Райымбек ауданына басшылық еткен Жолан Омаровтың басқа жұмысқа ауысты. 



Аудандық Мәдениет үйінде актив жиынымен жалғасқан кездесуде Амандық Баталов әкімі жаңадан құрылған Райымбек ауданында соңғы жылдағы оң өзгерістерді атап өтті.

 – Райымбек ауданы – шекараның шебінде тұрған аудан. Сондықтан бұл жаңа ауданның стратегиялық маңызы зор. Шекараны әскер ғана күзетпейді, оны халық күзетеді.

Шекарадағы елді мекеннің жарығы жарқырап, тіршілігі қайнап жатса, халық күзетеді деген сол. Осыны ескерген Елбасы тарихи шешім қабылдап, ауданды қайта құрды.

Бұл көреген шешімнің оң нәтижесін аз ғана уақытта көріп отырмыз. Нарынқол қайта түледі.

Осы бір жылдың ішінде аудан орталығына 1200-дей адам тұрақты тұруға келген, соның ішінде туған жеріне қайтып оралған жастар да бар.


Мамандарға жағдай жасап, баспанамен қамтуға көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы 20 тұрғын үй бердік. Тағы 80-нен астам тұрғын үй саламыз, соның 33-інің құрылысы биыл басталады", – деді Баталов.



Әкім ауылда ауылшаруашылығы дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Биыл ауданда картоп өсіруге арналған техникалар алынған, жаңа техниканың тілін білетін мамандар тартылған. Облыс өз тарапынан картоптың жаңа сортты тұқымын сатып әперген. Соның нәтижесінде биыл ауданда өнім мол болды.

Баталовтың айтуынша бүгінде облыстың аудан, қалаларын көгілдір отынмен қамту қарқынды жүруде.

– Алдағы уақытта Кеген, Нарынқол өңіріне де газ тартамыз деген жоспарымыз бар. Еңбекшіқазақ сияқты халқының саны көп ауданда, ел ішінде қызмет жасаған Нұржан Құдайбергенов өзінің жиған тәжірибесіне, іскерлік қабілетіне сүйеніп, Райымбек ауданына мықты жетекші, білгір басшы болады деп сенім білдіремін. Біз қандай жетістікке жетсек те, ең алдымен елдің ауызбірлігімен жетеміз. Халық - қашанда кеңесші, артық-кеміңді айтып, жөн сілтеп, жол көрсететін таразы. Сондықтан елмен етене жұмыс жасағанда ғана іс өнімді болады - деді аймақ басшысы. 

Жиында бірқатар азаматтар сөз алып, Райымбек ауданы жаңадан құрылғалы елдің еңсе тіктеп, іргесі бекіп келе жатқанын айтты.



Ардагер Медетхан Абировтың айтуынша, аудан қайта құрылардың алдында бір ғана Нарынқол ауылында 347 үйдің есік-терезесі шегеленіп тұрған. Бүгінде сол баспаналардың бәрінің дерлік иелері бар.

 Ал «Мирас» шаруа қожалығының басшысы Марат Себдайыров Нарынқолдың картобы жуырда Мәскеуде өткен халықаралық көрмеге қойылып, Нұр-Сұлтан қаласындағы жәрмеңкеде қызу саудаланғанын мақтанышпен жеткізді.

Сол сияқты өз сөзінде аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Медет Байжұма бір жыл ішінде ауданға 200-ге жуық жас маман келгенін, соның 50-ге жуығы жас мемлекеттік қызметші екенін атап өтті.

Алматы облысының баспасөз қызметі 




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар