Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Орталық Азия мемлекеттеріне ауаның ластануына қарсы бірлесіп күресуді ұсынды. Ол үшін «Орталық Азияның таза ауасы» атты ортақ консорциум құру бастамасын көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мирзиёевтің айтуынша, бұл құрылым арқылы өңір елдері зауыттарды жаңғыртуға және зиянды шығарындыларды тазарту жүйелерін іске қосуға бірлесіп инвестиция сала алады.
"Атмосфералық ауаның сапасын жақсарту жағдайында өңір халқының денсаулығын қорғаудағы маңызды қадам ретінде "Орталық Азияның таза ауасы" мемлекетаралық консорциумын құруды маңызды деп санаймын", - деді Өзбекстан басшысы.
Сонымен қатар, ол Орталық Азия елдеріне ортақ Қызыл кітап жасауды да ұсынды. Бұл сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктердің бірыңғай тізімі болмақ.
Еске салайық, бүгін Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтіп жатыр.
