"Министрліктенбіз" дейтін белгісіз адамдар үй-үйді аралап жүргені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі бұл жағдайға пікір білдірді.
"Әлеуметтік желілерде өзін Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз адамдар үйлерді аралап жүргені туралы хабарламалар мен видеолар тарап жатыр. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ресми түрде министрлік қызметкерлері үй аралап, жеке деректер немесе басқа да ақпарат жинамайтынын мәлімдейді. Өзін министрлік атынан келдік деп таныстырып, құжаттар мен деректер талап еткен немесе үйге кірмек болған адамдардың министрлікке қатысы жоқ және олардың алаяқтар болуы мүмкін екенін ескертеміз. Бұл адамдардың заңсыз әрекеттері үшін министрлік жауапты емес", - деп жазылған хабарламада.
Министрлік өкілдері қырағылық танытуға, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды.
