Қазақстанның Спорт министрлігі ел аймақтарындағы спорт инфрақұрылымының нақты ахуалын анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл жұмысқа бюджеттен 51,7 млн теңге бөлінбек, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомство осы қаржыға қалалар мен ауылдардағы спорт нысандарының қаншалықты жеткілікті екенін, олардың техникалық жағдайын және халыққа қолжетімділігін білгісі келеді. Зерттеу барысында спорт залдары, алаңдар мен өзге де нысандардың бар-жоғы және қазіргі күйі сараланады.
Сонымен қатар, мамандар тұрғындардың мұндай орындарға жаяу барып-келе алу мүмкіндігін, сондай-ақ ондағы қызмет бағасының халық қалтасына сай келетін-келмейтінін анықтауы тиіс. Яғни мәселе тек ғимарат саны емес, оны халықтың пайдалана алу деңгейіне де қатысты болмақ.
Тапсырысты орындайтын мердігер өңірлердегі түйткілді мәселелерді көрсетіп, оларды шешу жолдары бойынша нақты ұсыныстар беруі керек.
Жалпы алғанда, бұл – орынды бастама әрі бюджет қаржысын тиімді жұмсаудың бір жолы. Алайда қоғам мұндай зерттеулердің қорытындысын да көруі тиіс деген пікір бар. Себебі мемлекет түрлі сараптамалар мен талдауларға жиі қаржы бөледі, бірақ олардың нәтижесі көп жағдайда жұртшылыққа толық жетпейді немесе мүлде жарияланбай қалады.
Сарапшылардың айтуынша, оң болсын, теріс болсын, бюджет есебінен жасалған кез келген аналитикалық материал қазақстандықтарға ашық қолжетімді болуы қажет.
