Министр Ермекбаев намазханаларға қатысты қандай шешім қабылдады?

Dalanews 26 там. 2017 04:01 877

Талап өзгерді. Жаңа нұсқаулық қабылданды, сонымен.  Дін істер министрі Ермекбаев Әділет министрлігіне өз аяғымен барып, заңды мемлекеттік тіркеуден өткізді.

Түсінбей отырған шығарсыз? «Басы жоқ, аяғы жоқ бұл не?» деп. Айтамыз, асықпаңыз.

Осыдан төрт жыл бұрын «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы ақпаратты, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы үй-жайлардың, сондай-ақ  ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау туралы мәселе көтерілген.

Күні кеше осыған қатысты жаңа нұсқаулық қабылданды. Осы нұсқаулықта діни мақсаттағы заттарды таратуға және діни іс-шараларды өткізуге арналған орындардың орналасуына қатысты бірқатар жаңалықтар мен өзгерістер бар екен. Айтпай кете алмадық.

Бірінші мәселе

Иә, сонымен жаңа нұсқаулық қабылданды. Ендігі жерде ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың (намазхана) ашылуына қатысты талаптар күшейтілетін болады.

Бұл басы.

Осыдай былай, ғибадат орындарынан тыс жерде діни шаралар өткізуге арналған үй-намазханаларда (намазға) діни парыздарын орындаушыларға лайықты қызмет көрсетілуіне ерекше назар аударылады. Былайша айтқанда, барынша жағдай жасалынады.

 

Нақтылай кетейік. Жаңа нұсқаулыққа сай намазхана қалай болса, солай салына салмауы керек. Айттық қой, бұларға қатысты талап күшейеді деп. Бұдан былай салынатын намазханалар жалпы ауданы 20 шаршы метрден бастап 100 шаршы метрге дейін болуы, дәрет алу үшін қажетті санитарлық жүйемен қамтамасыз етілуі, санитариялық-эпидемиологиялық саладағы талаптарға сай келуі және күзетті басқару пультына тікелей шығатын, діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайды толық қамтитын бейнекамералармен жабдықталуы тиіс.

Ал егер бұл талап сақталмаса, намазхана ілгеріде аталған талаптарға сай келмесе, мұндай үй-жайларды ашуға рұқсат етілмейді. Өз кезегінде мұның бәрін жергілікті билік, әкімшілік қатаң бақылауда ұстайтын болады.

Екінші мәселе

Қоғамдық орындар да назардан тыс қалмапты. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі темір жол және автовокзалдар, әуежайлар мен порттарда діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналасуына қатысты талаптарды да өзгерткен екен.

Ермекбаевтың айтуынша, теміржолдарда, автовокзалдарда, әуежайларда діни құлшылық, діни шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналасуына қатысты талап етілетін 300 метр алынып тасталған.

"Бұл шара сапардан келген, сапарға кетіп бара жатқан азаматтардың өздерінің діни құлшылықтарын орындауларына ыңғайлы жағдай жасайды" дейді министрдің өзі.

Ал дін саласындағы сарапшылардың пікірінше, министр дұрыс істеді. «Жаңадан қабылданған нұсқаулық адам құқығы мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталып, қабылданғаны көрініп тұр» дейді олар.

Айта кетсек, бұдан бұрынғы ақпарат құралдарына берген сұхбатында Ермекбаев «Қазақстанды сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі зайырлы мемлекетке айналдырам» деп уәде берген.

Дайындаған Думан БЫҚАЙ 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар