Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың отставкаға кетуіне қатысты мәселе қоғамда жиі талқыланады. Министр бұл мәселенің нүктесін қойды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Былтыр бір топ мұғалім Бейсембаевтың отставкаға кетуін талап етті. Тиісті үндеу сол кездегі ҚР премьер-министрі болған Әлихан Смайыловқа, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановқа және депутаттарға бағытталды.
Оқу-ағарту министрлігінің басшысының сөзінше, отставка өзінің құзыретіндегі мәселе емес.
«Менің министр болу-болмауымды Мемлекет басшысы шешеді. Менің де құзыретімдегі дүние емес. Мен таңғалатын дүние: білім жүйесінің сапасын арттыруға, оны әлемнен кем емес етуге бүкіл ой-жігерімізді жұмылдырудың орнына, керек емес, маңызды емес дүниелерге қоғамды алаңдатуға әуеспіз. Бұл жерде журналистер де сұрақты дұрыс, мақсатты қоюы керек пе деп ойлаймын. Себебі барлығымыздың қоятын сұрағымыз, талабымыз балаларымыздың білімі мен тәрбиесі туралы болса, министрдің келу-кетуінде тұрған мәселе жоқ. Ол заңды құбылыс екенін жақсы білемін. Өйткені министр қызметіне тағайындалғаннан бастап барлық министрге қойылатын дәстүрлі, әбден белгілі сұрақ. Одан мен де қалыс қала алмаймын», — деді министр «Азаттық рухына».
Айта кетейік, Ғани Бейсембаев 2023 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі қызметіне тағайындалды. Бұған дейін министр қызметін Асхат Аймағамбетов атқарды.