Депутат Жанарбек Әшімжанов қымбатшылық қысқан уақытта тариф бағасы да көтеріліп кеткенін сынады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың пікірінше, бүгінде смартфонсыз өмірімізді елестету мүмкін емес, байланыс құралдары күнделікті тұтынатын азық-түлігіңізден де кем болмай тұр.
"Еліміздегі телеоператорлардың соңғы кездердегі қадамдары ел құлағында жатталып қалған "Самарқанда бір апам бар, бұдан да өткен сорақы" дейтін көне тәмсілді еріксіз еске түсіреді. Таяуда Қазақстанның ұялы телефон операторлары – Altel, Tele2, Beeline ұялы телефонның абонент төлемін 20 пайызға өсіретінін мәлімдеді. Яғни бұл операторлар интернеттің де тарифін 20 пайызға өсіреді деген сөз. Сөз емес, солай ашық мәлімдеді", - деді ол.
Депутаттың айтуынша, елдегі телоператорлардың бұл қадамы – миллиондаған қазақстандықтың қалтасына салмақ салатын шешім.
"Өйткені бүгінде телефон мен интернет – халықтың ақпаратқа қолы жеткізуі, жұмыспен қамтылуы, кәсіпкерлік жүргізуі, баланың білім алуы, мемлекетпен байланыс орнатуы үшін ең маңызды құрал. Яғни тарифтің көтерілуі қарапайым отбасылардың бюджетіне ғана емес, олардың өмір сүру сапасына қол сұғу деп бағалауға тура келеді. Бұл қадам біздің халқымыздың барлық әлеуметтік тобының қалтасына "қырғидай тиетіні" анық. Қазақстан халқының барлығы дерлік ұялы телефон пайдаланады. Осы ақпарат шыққалы еліміздің әр өңірінен сайлаушылар хабарласып, әлеуметтік желілерде, қабылдау бөлмелерінде өздерінің шағымын білдіріп, "Күнкөріс қиындап тұрғанда, неге байланыс та қымбаттауға тиіс?", "Неге баға бір мезетте көтерілді?" деген заңды сауалдар қойылып жатыр", - деді ол.
Жанарбек Әшімжановтың пікірінше, ең қызығы үш ірі оператордың тарифті бірдей көлемде, бір уақытта қымбаттатуы қоғамда үлкен күмән тудырып отыр.
"Бұл компаниялар арасындағы бәсекенің емес, өзара келісімнің, үйлесімнің, астыртын ақылдасудың белгісі емес пе? "Байтал түгіл бас қайғы" дегендей, осындай қадамдардан кейін "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасын ойлаудың өзі мұң болып қалды... Бұл жағдай қарапайым тұтынушылардың құқығын таптау деп есепмтейміз. Себебі баға өседі, бірақ нарықта балама оператор жоқ, яғни тұтынушы таңдау мүмкіндігінен айырылады. Нәтижесінде абоненттер бажсыз (жай ғана бағаны келісіп көтеру арқылы) жоғары ақы төлеуге міндеттеледі", - деп ашынды депутат.
