"Миллиардтаған тендер ұтып жүр": Атырау облысы әкімінің орынбасары Антикор назарына ілікті

Сағыныш Сардарова 23 мау. 2025 13:55

Атырау облысы әкімінің орынбасары мен өңірде үнемі тендер жеңіп жүрген компания арасында қандай да бір байланыс болуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Антикор осы мәселеге назар аударды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Атырауда шенеуніктің басы дауға қалды

За нами уже выехали арнасы мәліметінше, Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев бұл қызметке келмей тұрып, "БатысАльянсСтрой" ЖШС-нің бас директоры болған.

"Кездейсоқтық па, жоқ па, бұл компания ұзақ уақыттан бері жергілікті атқарушы органдар жариялаған тендерлерді ұтып келеді. EGOV.PRESS арнасының жазуынша, бұл компанияның  Мәжіліс депутаты Әділ Жұбановпен де байланысы бар", - деп жазылған арна дерегінде.

Осы жайттарға байланысты Антикор "БатысАльянсСтрой" ЖШС-нің мемлекеттік сатып алуға қатысуы қаншалық заңды екені туралы сауалға жауап берген.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "бұл компанияның мемлекеттік сатып алуға қатысуындағы заңбұзушылықтар" туралы бұған дейін әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат тіркелгенін растады. Қазір бұл мәселе бойынша Антикор мен мемлекеттік ішкі аудит қызметінің қызметкерлері тексеріс жүргізіп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 181-бабы 5-тармағына сәйкес тексеріс материалдары Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданған. Сонымен қатар, Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент лауазымды тұлғалар мен "БатысАльянсСтрой" ЖШС арасындағы мүдделер қақтығысы бар-жоғын қарастырып жатыр", - деп жазылған арна дерегінде.

Қайрат Нұртаев кім?

Dalanews.kz әкімдіктің ресми сайтындағы ақпараттарға шолу жасады. Расында да, Қайрат Нұртаев бұл орынға келгенге дейін түрлі лауазымды қызмет атқарған. Соның ішінде:

  • 2021 жылдың сәуірінен 2022 жылдың қаңтарына дейін Атырау облысы әкімінің кеңесшісі;
  • 2022 жылдың қаңтарынан тамызға дейін "БатысАльянсстрой»"ЖШС бас директоры болған

Ал 2022 жылдың тамызынан бастап Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келеді.

Бұған дейін қандай ақпарат тарады

Айта кетейік, бұған дейін де Telegram арналарда осындай ақпарат тарады.

"AMANAT партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановтың "БатысАльянсСтрой" ЖШС компаниясы жыл сайын халық қаражаты есебінен Атырау облысы әкімдігінен миллиардтаған тендер ұтып алады. Мемлекеттік сатып алу сайтында 2016 жылдан бастап жасалған 140 келісімшарт көрсетілген. Бір таңғаларлығы, облыс әкімінің қазіргі орынбасары Қайрат Нұртаев бұрын осы компанияда бас директор қызметін атқарған. Бұл жайт көп нәрсені түсіндіреді", - деді бұған дейін арналардың бірі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар