Мигранттар Мәскеуде жүріп-тұра алмайтын жағдайға жетті - БАҚ

Қаракөз Амантай 04 сәу. 2024 11:30 3458

"Крокус Сити Холлдағы" шабуылдан кейін Мәскеу миграциялық заңдарын тағы күшейтпек. Азаттық мәлім еткендей, Ресейдегі қырғызстандықтар көшеде, үйде тексерулердің көбейгенін, орталықазиялықтарға көзқарас өзгергенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қырғыз парламенті мигранттардың соңғы жағдайына да мән беріп, арнайы талқылады.

Тілек (аты өзгертілді) Ресейде "қара тізімде" екенін, оған бұл елге өмір бойы кіруге тыйым салынғанын жақында білген. Ресейде жұмыс істеп келіп, Қырғызстанға барып, кері қайтқанда оны кіргізбеген.

"Мен Сахаровоға анализ тапсыруға барғам. Нәтижесі жақсы болды. Қырғыстанға келіп, қайтадан Ресейге бара жатқанымда, мені кері қайтарды. Мен ол жақта ешқандай заң бұзған емеспін. Заңгерлерге қайрылсам, олар Ресейге өмір бойы кіруге шектеу қойылғанын мәлімдеді. Денсаулығыма байланысты мені кіргізбейді екен" деді Тілек.

Жақында екі полиция Майрамның үйіне баса-көктеп кіріп, құжаттарын тексерген. Мәскеуде жұмыс істейтін ол полиция метрода өте көп екенін жеткізді.

Сағын Мәскеуде автобус жүргізеді.

"Көшеге шығудан қалдық. Көбінде тәжіктерді ұстап жатыр. Олардың көбі сақалын қырып жүретін болды. Көшеде тексерулер өте көп", - дейді Сағын.

Мигранттармен жұмыс істейтін заңгер Мирлан Токтобековтің айтуынша, "Крокус Сити Холлдағы" оқиғадан кейін оларға көмек сұрап келіп жатқандардың саны бес есеге көбейген.

Ресейдегі мигранттардың жағдайы Жогорку Кеңеште көтерілді. Мигранттар жағдайы туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Алмаз Имангазиев ақпарат берді.

Оның сөзінше, "Крокус Сити Холлдағы" шабуылдан кейін түрлі себептермен 69 қырғызстандық Ресей аумағына кіргізілмеген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар