Әңгіменің әлқиссасы, "Атамекенге" тіркелген кәсіпкерлер жыл сайын міндетті жарна төлеуі тиіс. Жарна есебінен палата кәсіпкерлерді заңдық тұрғыдан қорғауды, меморгандармен байланысты орнатуды, экономика мен бизнестегі түйткілдерді шешуді мойнына алады.
Әуелде "Атамекеннің" мүшелігіне өту-өтпеу кәсіпкердің өз қалауы еді. Палата басшылығы кейіннен бұл ойынан айнып, мүшелікке өтуді міндеттеп тастады. Коммерциялық компаниялар автоматты түрде палата мүшелігіне өтіп, оны "асырауға" міндетті болды.
"Карантиннен көз ашпай жатқан кәсіпкерлер үшін қазір бұл жарна қалтаға салмақ. Қайта қазіргідей қысылтаяң шақта қол ұшып созып, аз-мұз жеңілдік жасап, жарна төлеуді кейінге шегерсе болар еді", – дейді бұл орайда Боқаев.
Алғашқыда "Атамекеннен" асығып жеткен бір жапырақ қағазды көргенде, палата басшылығының бизнесті қолдауға бағытталған құжаты ма деп қуанып қалыпты.
"Қайдам, хатты ашып көргенде алып ұшқан көңілім су сепкендей басылды. "Атамекен" 278 мың 355 теңгеге есеп-шот жіберіпті. Бұл ма, бұл міндетті мүшелік жарна.
Палата басшылығы бизнестің жай-күйі мүлде мүшкіл екенін қалайша түсінбейді? Бизнес көтерем күйде. Өлместің күнін көрудеміз. Карантин кәсіпкерлердің жұмысын тежеп тастады . Одан бұрын "Атамекенге" не үшін жарна төлейтініміз түсініксіз. Менің компаниям былтыр да 265 125 теңге мүшелік жарна төледі. Осы күнге дейін "Атамекеннен" тым құрығанда тырнақ ұшындай көмек алмадық. Көмегіне мұхтаж да емеспіз, – дейді Санжар Боқаев.
Кәсіпкер осы арада 9 түрлі салық төлейтінін алға тартып, "Атамекенге" мұның да аздық етіп отырғанын айтыпты.
"Әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік салық, көлік салығы, жарнама салығы, НДС, ИПН секілді салықтың 9 түрін төлейді екенмін. Алайда мұның өзі аздық етсе керек. Бізді мүшелік жарна төлеуді заң тұрғысынан міндеттеп тастады. Кәсіпкердің көпшілігі палатаға кіріптар емес, тиісінше бұл көмекке мұхтаж емес. Ашығын айтқанда бұл "рэкетирлікті" заңдастыру", – дейді Боқаев.
Кәсіпкер осы арайда "Атамекенге" ақыл-кеңесін айтып, кәсіпкерлермен қалай жұмыс істеуге қатысты жөн сілтепті. Оның пікірінше палатаның сөзі мен ісі сай болғанда, кәсіпкерлер жарна төлеуге өздері-ақ құлшынып тұрар еді.
"Атамекеннің" айтқанын орындап, кәсіпкерлерге шын мәнінде көмек көрсет, бизнес палата мүшелігіне өтуге өздігінен ұмтылар еді. Бізде керісінше "қолдан келсе қонышынан басады".
Сіздерге тиесілі бюджетпен ең дарынсыз деген менеджердің өзі "шөп басын сындарар еді". Бизнесті алқымнан алғанша, бізбен диалог орнатуға тырысыңыздар. Бизнеске пайдалы дүние жасаңыздар. "Атамекен" сапындағы кадрларды қысқартып, басшылықтың сыйақысына кететін шығынды азайтыңыздар. Біздің сойылымызды соққан болып, біздің есемізбен өз мәселелеріңізді шешуді доғарыңыздар!", – дейді Санжар Боқаев.
Кәсіпкер компаниясының палата мүшесі болғанын қаламайтынын, мүшелік жарна төлегесі келмейтінін айтады. Алайда "Атамекен" бизнесті заң жүзінде мәжбүрлеп, қол-аяғын таңып тастаған.
"Мүшелік жарнаны төлегім жоқ. Одан да бұл ақшаны карантин уағында тарығып отырған коллективке жұмсайын. Бизнесті буындырып отырған заңның қандай қажеті бар? Біз орта және ірі бизнесті жарна төлеуге мәжбүрлеп отырған "Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" заңның 29 бабы, 4 тармағының күшін жоюды талап етеміз.
"Атамекен" бұған қоймай бізге төлем мерзіміне қатысты талап қояды, біздің қанша салық төлейтінімізді тексеріп, соған сай палатаның қазынасына аударар ақшаны есеп-қисабын шығарады.
Палатадан жылына жарымағыр жалғыз хат келеді. Ол осы - мүшелік жарна. Тым құрығанда карантин тұсында қолдау хат жіберіп, күйзелістен шығудың жолын көрсетіп, ақыл-кеңесін айтып, жөн сілтесе жарар еді. Ол да жоқ. Ойлағаны, міндетті мүшелік жарнаны сыпырып алу", – дейді Боқаев.
Палатаны сын садағына алған кәсіпкер "Атамекенге" арнап екі мәселені көлденең қойыпты.
- Алғашқысы, 2020 жылға міндетті мүшелік жарнаны алып тастау. Осы арқылы бизнескен шынымен жаны ашитынын дәлелдеу.
- Екіншісі кәсіпкерлердің өткен жылғы мүшелік жарнасын қайтарып беру.
"Бұл біз үшін нақты көмек болар еді. Бизнеске туралы айтқанда сөз сапырғанды қойып, іске көшетін кез келді. Бірқатар елде бизнеске салығының тең жартысын қайтарып жатыр. Кім қанша салық төледі, соған сай сомада көмек алды. Міне, бұл бизнесті нақты қолдау. Кәсіпкердің мұң-жайына құлақ асу деп аталады.
Бұдан бөлек палата басшылығы былтырғы жылы бизнестен қанша жарна жинағының есеп-қисабын ұсынсын. Бұл ақшаның қалай, қайда жұмсалғанын жіліктеп көрсетсін. Мұны палата жолданған ресми хат деп қабылдаңыздар", – дейді Санжар Боқаев.
Айта кетелік "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасын Тимур Құлыбаев басқарады. Оның палатаға жетекшілік еткенінен 7 жыл болды. 2017 жылы палата съезінің делегаттары Құлыбаевқа бірауыздан дауыс беріп, тағы 4 жылға сайлаған.
Кеңес үкіметі күйрегеннен кейін 30 жылдан соң пайда болған миллиардерлерге мақала арнаған Bloomberg Динара Құлыбаева мен күйеуі Тимур Құлыбаев екеуінің әл-ауқаты 5 миллиард долларға жететінін айтқан.
Мақала авторларының сөзінше, ТМД елдеріндегі ең ауқатты азаматтардың басым көпшілігі коммунистік режим күйрегенде билік басындағы топқа жақын болған адамдар. Басылым атап өткендей, Құлыбаев келіссөздер жүргізу өнерін жетік меңгерген.
Forbes Kazahstan журналының 2019 жылғы рейтингінде 3 100 000 000 доллармен Тимур Құлыбаев 3 орынға, дәл осындай ақшамен Динара Құлыбаева 4 орынға жайғасқан. Америкалық Forbes отбасының ауқатын 6,4 млрд долларға теңейді.