"Мұндай апатты көрмедік": Маңғыстау облысында нөсер жауыннан бір ауылды су басты

Ақтоты Жапатова 29 шіл. 2025 14:08

Маңғыстау облысындағы Шетпе ауылында толассыз жауған нөсер жауын салдарынан су тасқыны болып, елді мекен зардап шекті,- деп хабарлайды Dalanews.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Жауын салдарынан көшелерді және 14 үйдің ауласын су басты. Кейбір тұрғындарды эвакуациялауға тура келген.

Апаттан кейін төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті әкімдік су тасқынының салдарын жою жұмыстарына кірісті. Жаңбыр бірнеше сағат бойы толассыз жауған. Нәтижесінде жиналған су лаймен араласып, ауыл ішіне тасқын болып жайылып, жолдарды басып қалған.

Теміржол өткелі уақытша жабылды. Кейбір жерлерде қоршаулар мен даладағы әжетханаларды су ағызып әкеткен. Ауыр зардаптар мен адам шығыны тіркелген жоқ. Барлығы 9 адам эвакуацияланып, туыстарының үйіне уақытша орналастырылды.

Тұрғындардың сөзінше, мұндай табиғи апат бұрын-соңды болмаған. Қазіргі уақытта жергілікті құтқарушылар мен коммуналдық қызмет өкілдері көршілес ауылдардан қосымша күш шақыртып, апат салдарын жоюға күш салып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар