Мұнай бағасы 69 долларға дейін құлдырады. Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстың аяқталғаны рас па?

Кәмшат Тілеухан 24 мау. 2025 10:19

Лондон ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың тамыз айындағы фьючерстерінің Астана уақыты бойынша 08:50-дегі жағдай бойынша бір баррелінің бағасы 9,79 пайызға күрт төмендеп, 69,47 доллар болды. Ал WTI маркалы тамыздағы мұнай фьючерстерінің бір баррелі 9,72 пайызға төмендеп, 66,66 долларға дейін құлдилады. Күні кеше 80 долларды иектеген "қара алтын" бағасының бұлай төменге кетуіне не түрткі. Мұны Dalanews.kz сайтынан оқып-біле отырыңыздар.

Негізінен, Brent маркалы мұнайдың бағасы 60 доллар деңгейден 78 долларға дейін көтерілуіне Таяу Шығыстағы ахуал түрткі. 13 маусымда Иран мен Израиль арасындағы кезек-кезек атыс-шабыс "қара алтын" бағасын 70 долларға дейін сүйреп әкелді. Шиеленіс ушыға түсіп, Иран Ормуз бұзатын жабатынын айтып қалай қопаңдай бастады, баға тағы да көтерілді. Ал 22 маусымдағы АҚШ-тың аталған өңірдегі қақтығысқа тікелей араласуы және Иран парламентінің арқыры Ормуз бұғазын жабу туралы шешім қабылдауы "соңғы тамшы" болып, баға ең жоғары шегін игерді.

Ал бүгінгі бағаның құлдырауына Иранның жауапты соққысы бастау болды. Иран Қатардағы және Ирактағы АҚШ-тың әскери базаларын зымыранмен атқылады. Одан кейінгі АҚШ президенті Дональд Трамптың екі мәлімдемесі де "отқа май құйып берді". Алдымен ол Иранмен арадағы Ормуз бұғазын жабу ықтималдылығы туралы қауесетке байланысты мұнай өндірушілерді бағаны өсірмей, тежеп ұстауға шақырды.

"Мен бәрін қадағалап отырмын! Олай жасасыңыздар, жаудың дегені болғаны. Бұлай жасамаңыздар", - деп жазды Трамп кеше кешкісін Truth Social-дағы парақшасында мұнай өндірушілерге қарата.

Сөйткен ол өз энергетика министрлігін керісінше, шұғыл әрекет етуге шақырды:

"Бұрғыла, балақай, бұрғыла! Бұл арада айтайын дегенім, жылдам кірісіңдер", - деді Дональд Трамп.

Тағы көп ұзамай АҚШ президенті Иран мен Израиль арасында атыс тоқтатылатынын, сондай келісімге қол жеткізілгенін хабарлап, баршадан сүйінші сұрады.

"Барлықтарыңызды құттықтаймын! Израиль мен Иран арасында атысты тоқтату туралы толықтай келісімге қол жеткізілді (шамамен 6 сағаттан кейін, екі тараптың соңғы операциялары аяқталғаннан кейін) 12 сағат сағаттан кейін соғыс аяқталды деп саналады!", деп жазды ол желіде.

Оның айтуынша, ресми түрде атысты Иран доғарады, ал 12 сағаттан кейін оған Израиль қосылады.

"24 сағаттан кейін 12 күндік соғыстың ресми аяқталуын бүкіл әлем атап өтеді. Атысты тоқтатудың әр фазасында екінші тарап бейбітшілік пен сыйластықты сақтауға міндет алады. Бәрі ойдағыдай өтеді деп ойлаймын (және солай болады да)", - деп атап өтті Трамп.

Ол Израиль мен Иранға арасындағы қақтығысты "12 күндік соғыс" деп атауға болатын айтып, қос тарапты шыдамдылық, батылдық танытуларымен және ақылға келулерімен құттықтады.

"Мұның бүкіл Таяу Шығысты қирандыға айналдыратын ұзақ жылдарғы соғысқа ұласуы мүмкін еді. Бірақ олай болмады және оның беті арын қылсын!"- деді Ақ үйдің басшысы.

Бірақ, әзірге қос тарап атқыласуын әлі жалғастырып жатыр. Түнде үш мемлекет аспанын жабуға мәжбүр болды. Ал таңертең Қатар көгін ашып, жан-жақтан ұшақтарды қабылдай бастады. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар