Қазақстанда 2025 жылы мүгедектікке және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға республикалық бюджеттен 655,7 млрд теңге бағытталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған қоса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігін жоғалту және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 90,3 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер жасалды.
Жыл қорытындысы бойынша мүгедектік бойынша жәрдемақы алушылар саны 553,9 мың адамды, ал асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 191,9 мың адамды құрады.
Мүгедектікке арналған мемлекеттік жәрдемақының мөлшері мүгедектік тобына, оның себебіне және тиісті жылға белгіленетін күнкөріс минимумына байланысты есептеледі. Ал асыраушысынан айырылу бойынша төлемдер марқұмның асырауында болған адамдар санына, қайтыс болу себебіне және күнкөріс деңгейіне қарай айқындалады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін қосымша қолдау қарастырылған. 2025 жылы еңбекке қабілеттілігін жоғалтқаны үшін 101,3 мың адам, ал асыраушысынан айырылғаны үшін 68,6 мың отбасы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алды. Бұл қаражат республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақыларға қосымша ретінде төленеді.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүгедектікке және асыраушысынан айырылуға байланысты мемлекеттік жәрдемақылар 10 % өседі. Бұл күнкөріс минимумының ұлғаюымен байланысты. Үкімет шешімімен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер де 10 % арттырылды.
Биыл мүгедектік бойынша жәрдемақы мөлшері жалпы ауруға байланысты:
•1-топ үшін 111 872 теңге
•2-топ үшін 89 498 теңге
•3-топ үшін 61 021 теңге
Ал 2026 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сәйкес, еңбекке қабілеттілігін жоғалту бойынша орташа әлеуметтік төлем 72 409 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша 73 306 теңгені құрайды.
Бұл өзгерістер әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың табысын арттырып, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
