Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі – оқыту үдерісі сапасының негізгі ресурсы

Dalanews 27 мау. 2022 09:42 2110

Бүгінгі заман талабы бәсекеге қабілетті, алдыңғы қатарлы біліммен қаруланған ұрпақ тәрбиелеуді талап етуде. Қазақстанның білім беру жүйесіндегі түбегейлі өзгерістер білім алушылардың есте сақтауы, талдау жасауы мен ақпарат алуына бағытталып отыр. Қазіргі таңдағы оқу бағдарламасы сындарлы оқыту теориясына негізделіп жасалған. Сындарлы оқыту тәсілдерінің «дәстүрлі» білім беру мазмұнымен салыстырғанда оқыту кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін көрсетуде. Жаңаша білім беру оқушылардың жаңа білімді алдыңғы білімдерімен ұштастыра отырып игеруін көздейтін тұжырымдамаға негізделген.

Яғни, оқушылардың алдыңғы алған дағдылары жаңа дағдыларды меңгеруге үлкен ықпалын тигізеді. Оқушы мектеп қабырғасында алған білімі мен білігін, дағдысын адамзат қызметінің әртүрлі саласында қолдана алуы тиіс. Бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруда оның бойына төл мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды, өткен тарихымыз бен халық мұрасын пайдалана отырып, рухани бай, жүрегі ізгілік пен имандылыққа толы, кез келген мәселеге сыни тұрғыдан қарайтын, өз көзқарасы мен пайымын дәлелдей алатын, еркін ойлы, ана тілінде оқу және жазу сауаттылығы қалыптасқан патриот тұлғаны тәрбиелеу. Мемлекеттік тілді жетік біліп, оны әдеби нормаға сай қоғамның барлық саласында қолдана білу арқылы оның дамуына өз үлесін қосатын болашақ маман дайындаудың алғашқы іргетасын қалау негізгі міндеттің бірі болып табылады.

Заманауи жағдайда жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу – барлығымыздың қарапайым ата-аналар да, қарапайым мектеп мұғалімдері мен  ғалымдар да бей-жай қарай алмайды және өзектілігін жақсы түсінеді. Сапалы білім – мемлекет пен қоғамның табысты дамуының, экономикалық, ғылыми-техникалық өрлеуінің  кепілі. Білім саласында кешігу мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бәсекеге қабілеттілігін төмендетуге  кері әсерін тигізеді. Ғылым кеңістігіне «адами капитал» ұғымының енуі, адамзаттың әлеуметтік экономикалық дамуына қатысты оқуға көзқарастың өзгеруіне ықпал етті.

Сондықтан бүгінгі күні оқыту жүйесінде авторитарлық педагогика әрекеттесу педагогикасына ауысып, адамға ең негізгі құндылық ретінде қарау қалыптасып келеді. Кез келген мемлекеттің «стратегиялық ресурсы» ретіндегі  азаматтарының білімділік деңгейі мен олардың қоғамдағы қарқынды өзгерістерге тез бейімделу қажеттілігінің, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық жоспарларына білім жүйесінің сәйкестігінің маңыздылығын түсіну білім жүйесінде реформа жүргізудің негізгі фокторы болады.

Әр мұғалім өзгеріс енгізу үшін маған не істеу керек? деген сауалға жауап беру керек. Оған өзінің қазіргі жағдайын зерттеп, жылдар бойы тамырын тереңге жайып алған кемшіліктерімізді талдап, оларды жіктеу арқылы өзгеріс енгізу қажет деген басымдықтарын анықтаудан бастау керек. Шынайы жағдайымызды анықтау үшін бірнеше тәсілді қолданайық. Жұмысымызды теориялық тұрғыдан жақсы білсек те, оны қалай іске асыру керектігін  жете білмеуімізбен қатар, үйрену үшін ізденбегенбіз, қағаз жүзінде орындау шеберлігіміз жыл санап артып, ал іс жүзінде жүйесіз, әлсіз жүргізілуіне жол беріп келгенімізді мойындайық. Оқу нәтижесінің сапасына тікелей әсер ететін бұл кедергілер мен олқылықтарды топтастырып, маңыздылығын анықтауға болады:

  • Мұғалімдердің оқуы мен кәсіби даму үдерісіне қатысу және көмектесу;

  • Оқыту үдерісін жоспарлау, үйлестіру және бағалау;

  • Мақсат қою және күтілетін нәтижелерді болжамдау;

  • Ресурстармен қамтамасыз ету;

  • Қуатты шығармашылық топтар құру;


Проблемаларды сындарлы талдауға қатысу

Енді бұл басымдықтарды негізге ала отырып, кәсіби дамуымды қалай жоспарлаймын? Қандай басым міндеттерді шешуге тиіспіз? Өз тәжірибеме өзгеріс енгізуге, қызығушылық танытқан әріптестеріммен бірлесіп, тәжірибе кезеңінде қандай мәселемен айналысамын? Қандай басым міндеттерді шешуге тиіспін, ол үшін маған кімдердің көмегі қажет, оны не үшін жасаймын, қалай жасаймын және одан қандай нәтиже күтемін? Міне, осы маңызды сұрақтарға жауап іздеу үстінде біз жеке даму жоспарымызды жасауымыз қажет.

Демек, біз «ХХІ ғасырда табысты болу үшін балалар нені үйренуі керек? Оқытудың ең тиімді әдісі қандай?» деген басымдық бойынша дамыту әрекетімізді жүргізуге тиіспіз.

  • Дамыту үдерісіндегі басым міндетіміз деп қарастыратын белгілер:

  • Сыныпта оқытуды басқару дағдыларын меңгеріп, оқушыларды топпен жұмыс жасау.

  • Оқушылардың қолайлы ортада білім алуына жағдай тудыру;

  • Оқушыларды кітап оқуға үйрету, соның арқасында өздігінен іздену арқылы теориялық білімді толықтыруға  итермелеу;

  • өз оқыту әрекеттеріне рефлексия жасау, сол арқылы сәтсіздіктерді жоюды үйрену;

  • Кітапханамен тығыз байланыс орнату;

  • Оқушыларды диалогке тарту әдістерін қарастырып, оларды қалай қолдану керектігін іске асыру;

  • Блум таксономиясының мақсаттық жүйесіне негізделген сабақ жоспарының оқуға ықпалының маңызын түсіну т.б.


Яғни оқушы бойына  икемді дағдылар, кәсіби құзыреттер қалыптастыру.

Олардың Сыни ойлауын – ақпараттар ағынын бағдарлай алу мүмкіндігін, себеп-салдарлық байланыстарды көре алуын, қажетсіз ақпараттарды електен өткізіп қорытындылауын.

Сәтсіздікке жолыққан жағдайда шешім шығарып, өзінің жетістіктері мен сәтсіздіктерінің себептерін түсінуін, шығармашылық тұрғысынан – өзгермелі жағдайларда өзін сенімді ұстап, дәстүрлі емес шешімдерді қабылдай алуға, жағдаятты әр тұрғыдан бағалауға, қарым-қатынас – келіссөздер жүргізу және байланыс орнату, әңгімелесушіні тыңдау және өз көзқарасын жеткізу қабілетін, ынтымақтастық қабілетін көрсетуде – кәсіби салаға қарасты құзыреттілікпен тығыз байланысты оның нәтижесін бағалай алу, талдау жасауы қабілетін дамыту оның  өмірлік дағдысына айналады.

Белсенді оқу барысында мұғалімдер:

  • барлық оқушылардың оқу үдерісіне қатысуын қамтамасыз ететін жағымды оқу ахуалын қалыптастыруға;

  • сенімді, жауапты, белсенді, жаңалыққа ұмтылатын және өзінің іс-әрекетін талдап,

  • рефлексия жасай білетін оқушыларды тәрбиелеуді мақсат етуге;

  • оқушылардың дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырмалар мен белсенді әдіс-тәсілдерді қолдануға;

  • алға қойылған оқу мақсаттарына қол жеткізу арқылы жоспарланған сабақты тиімді өткізу үшін материалдарды, ресурстарды және қосымша құралдарды пайдалана отырып;

  • бүкіл сынып қатысатын, топтық немесе жұптық жұмыс түрлерін, оқушылардың жеке жұмысын ұйымдастыруға;

  • оқушыларды мадақтап, оқуға еліктіре, қызықтыра отырып, ұғымдарды түсіндіруде және мағынасын ашуда, нұсқаулық беруде түсінікті, анық, қарапайым тілді пайдалануға;

  • оқушылардың оқуын бақылап, оларға кері байланыс ұсынуға тиіс.


Қазіргі кездегі білімнің мәні – шығармашылықты, сын тұрғысынан ойлауды, қарым-қатынас жасау мен ынтымақтастық қабілеттілікті дамыту; жаңа технологиялардың потенциалын қолдана білу, түсіну және білудің сәйкестігінде және ақырында – жеке қасиеттерді, соның арқасында адамдар өзін-өзі таныта алады және адамзаттың тұрақты дамуы үшін қатар жұмыс жасай алады.

Мұғалім өз ісінің маманы болумен қатар, оның бойында баланы жақсы көру, оның көзқарасы мен пікірін сыйлау, тек өз пәнінің төңірегінде ғана қалып қоймай қоғамда болып жатқан өзгерістерге құлағы түрік, көзі ашық, жан-жақты талдау жасай білетін маман болуы шарт. Оқыту мен оқудағы өз құзыреттіліктерінің өзектілігін, тәжірибелік маңыздылығын, оқушының жеке тұлғалық дамуына, яғни оның өзін-өзі тануға және өзіндік өсуі бағытында мұғалімнің кәсіптік құзырлығы, шеберлігінің рөлі маңызды. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының: «Бала оқытуды жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білуі керек» – деген.

Сондықтан кәсіби шеберлігі шыңдалған, құзырлығы жоғары, өз ісінің технологы болу ұстаздан нені талап етеді десек, ол мұғалімнің шығармашылық іс-әрекетінің мазмұны зерттеушілік қызметтен, жеке ізденістерден тұрады. Нәтижеге бағытталған білімдендірудің жаңа жүйесіне көшу мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруда да жаңа көзқарасты қалыптастыруды, құзырлықтарын үнемі дамытуды талап етеді. Жоғары мәдениетті адам ғана осы қажеттіліктерді шешудің жолдарын іздейді, табады.

Қорыта келе мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігі – оқыту үдерісі сапасының негізгі ресурсы екендігі туралы тұжырым жасауға болады.

 

Салтанат Арзымбетова,  «Өрлеу» БАҰО» филиалы Алматы қаласы бойынша КДИ аға оқытушысы

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Асқарбек Құсайынов «Әлемдегі және Қазақстандағы білім сапасы» [«Литер» газетінің сайты]

  2. К. Дайрабаев, А. Дайрабаева Педагогика негіздері

  3. Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері А.Әлімов Алматы 2013

  4. Мирсеитова С. Сын тұрғысынан ойлау технологиясы.-1998


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар