«Мұғалімді балағаттаған»: мектептен шығарылған оқушы кінәсін мойындап, кешірім сұрады

Көркем Алдабергенова 27 мам. 2025 19:07

Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 11-сынып оқушысының оқудан шығарылуы қоғамда қызу пікірталас тудырды. 23 мамырда мектеп әкімшілігі жасөспірімді тәртіп ережесін бұзды деп оқудан шығарған. Кейіннен оқушы видеоүндеу жасап, кінәсін мойындап, кешірім сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мектеп ұсынған мәліметке сәйкес, қорытынды бағалау кезінде оқушы телефон қолданған, мұғалім ескерту жасағанда, ұстазға балағат сөз айтқан. Осы оқиғадан кейін мәселе тәртіптік кеңесте қаралып, оқушыны мектептен шығару туралы шешім қабылданған.

Жасөспірім жариялаған бейнеүндеуде өз әрекетіне өкініш білдіріп, бірнеше рет кешірім сұрағанын айтады. Ол оқуын сол мектепте жалғастыруға мүмкіндік беруді сұрап, қажет болса, қоғамдық жұмысқа тартылуға немесе өзге тәртіптік шараларға дайын екенін мәлімдеген. Сонымен бірге, мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан өзіне қатысты жалған ақпарат таралғанын жеткізді.

"Егер маған осы мектепте оқуымды жалғастыруға мүмкіндік берілсе, тәртіптік жазаға да, қоғамдық жұмысқа да дайынмын", – деді ол бейнеүндеуінде.

Оқушының жағдайы ушығып кеткен соң, қоғам белсендісі Аида Букаева оның денсаулығы күрт нашарлағанын хабарлады. Оның айтуынша, жасөспірім бірнеше күн тамақ ішпей, жүйке жүйесі сыр берген, тіпті жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар