"Мерзімді бұзса, мемлекеттік тапсырыстардан шеттетіледі". Сатыбалды мердігерлерге шүйлікті

Сағыныш Сардарова 02 қаз. 2025 09:51

Алматыда әлеуметтік нысандардың құрылысы мен мерзіміне бақылау күшейтіледі, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Әуезов ауданындағы әлеуметтік нысандардың құрылыс және қайта жаңғырту барысын тексерген.

Биыл шілдеде №2 Алматы мемлекеттік педагогикалық колледжінің ғимаратына қосалқы ғимарат салу аяқталуға тиіс еді. Алайда, әкімдік мәліметінше, "Golden City DS" ЖШС шартта белгіленген мерзімге үлгермеген. Осыған байланысты Құрылыс басқармасы сотқа талап арыз беріп, міндетіне салғырт қараған мердігер ретінде қатысушылар қатарынан шығару және айыппұл өндіру мәселесін көтерген.

Алматы әкімі мерзімді бұзған мердігерлер қала жобаларына қатыспайтынын, ал жекелеген жағдайда құқық қорғау органдары арқылы жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.

"Компания бұл нысанды толық аяқтамайынша, жаңа тендерлерге қатыспайды. Қала құрылысы бақылау басқармасы мәслихат депутаттарымен бірге жұмыстардың сапасы мен қарқынын бақылауға тиіс. Егер заңбұзушылық анықталса, компанияны лицензиясынан айыру қажет. Сіздер нысанды қарашаның соңына дейін тапсырамыз деп уәде бердіңіздер, біз апта сайын тексеріп отырамыз", – деді Дархан Сатыбалды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар