"Мені жұмыстан шығарар": Алматы облысында жұмысшы зауыт құрылысындағы былықтар туралы айтты

Көркем Алдабергенова 19 қаң. 2026 10:16

Алматы облысында Lay’s қытырлақтарын өндіретін PepsiCo зауытының құрылысы жалғасып жатыр. Алайда нысанда заңбұзушылық болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Құрылыс алаңында еңбек етіп жүрген жұмысшылардың бірі зауытқа жауапты мердігер компанияның экологиялық талаптарды өрескел бұзып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, «Нак Нұр Астана Құрылыс компаниясы» құрылыс барысында пайда болған қалдықтарды арнайы тәртіппен жоймай, қазылған жерге көміп тастауда. Бұл әрекеттерді ол бейнежазба арқылы дәлелдеуге тырысқан.

Жұмысшы жариялаған видеода КамАЗ жүк көліктерінің ерімейтін әрі шірімейтін түрлі қоқысты құрылыс аумағына тасып әкеліп, алдын ала қазылған шұңқырларға төгіп жатқаны көрінеді. Кейін қоқыс көмілген аумақ топырақпен тегістеліп, ешқандай із қалдырмай қайта қалпына келтіріледі.

«Зауыттан шыққан қоқыс. Пакеттер. Шіріп жерге сіңіп кететін де нәрсе емес. Осы шұңқырға әкеп төгеді, сосын бетін тегістеп жауып тастайды. «НАК» Нұр Астана Құрылыс» салып жатқан, «прораб» Ержігіт деген адам жасатып жатыр. Өзі жамағатқа сыйлы, жұмаға барып жүрген адам. Ынтымақ ауылындағы жағдай, қазіргі Алатау қаласы. Мені осы үшін жұмыстан шығарып жібереді, кепілдік берем, бірақ айтпасқа болмады, жүрекке тыныштық жоқ. Өзің жеріңді өзің ластағанға кінәлі сезінесің, шара қолдансаңыздар»,- деді жұмысшы.

Автордың айтуынша, осы жағдайды әшкерелегені үшін оны жұмыстан шығару қаупі бар.

Айта кетейік, Lay’s қытырлақтарын шығаратын зауыттың құрылысы 2024 жылы басталған. Кәсіпорынды іске қосу биылғы наурыз айына жоспарланған. Құрылыс жұмыстарына мыңдаған адам тартылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove