“Мені алып қашты” деп арызданған: түркістандық жігіттің отбасы көпшіліктен көмек сұрады

“Мені алып қашты” деп арызданған: түркістандық жігіттің отбасы көпшіліктен көмек сұрады
Фото: treads, zhaasm1in

Әлеуметтік желіде Түркістан өңірінің тумасы мен Ұлытау облысының тұрғыны арасындағы некеге қатысты дау қызу талқыланып жатыр. Жазба авторы бойжеткеннің өз еркімен тұрмысқа шыққанын, алайда кейін "мені алып қашты" деп арыз жазғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Аида есімді бойжеткен Ұлытау облысы Қарсақбай кентінің тұрғыны Нұрсұлтан есімді азаматпен тоғыз ай бойы қыз-жігіт болып араласқан. Автордың айтуынша, екі жас отбасын құруға өзара келісіп, 2026 жылғы 15 шілдеде бойжеткен Қарсақбай кентіне келін болып түскен.

«Аида Нұрсұлтанмен тоғыз ай бойы қыз бен жігіт ретінде араласып, тұрмысқа шығуға өз еркімен келісім берді. Кейін Қарсақбай кентіне келін болып түсті», – делінген әлеуметтік желідегі жазбада.

Алайда кейін бойжеткен "мені алып қашты" деген мазмұнда арыз түсірген.

"Қыз өз еркімен келін болып түсті. Соған қарамастан, артынан “мені алып қашты” деп арызданған. Енді арызды қайтарып алу үшін 5 миллион теңге талап етіп отыр", - дейді жазба авторы.

Күйеу жігіттің отбасы әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен және құзырлы органдардан оқиғаның мән-жайын анықтауға көмектесуді сұрады.