Freedom Inside '26

"Мендей қорлық көрмеңдер": Ұлынан зәбір көрген қарияны немересі қамқорлығына алды

"Мендей қорлық көрмеңдер": Ұлынан зәбір көрген қарияны немересі қамқорлығына алды
ашық дереккөзден

Атырау облысы Сағыз ауылында ұлынан зәбір көргені айтылған 89 жастағы тыл ардагері Әділхан Сисеновті немересі Нұрбақыт Ақниетқызы өз қамқорлығына алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін БАҚ-та 1937 жылы туған қарияны кенже ұлы ұрып-соғып, үйде скотчпен байлап тастағаны туралы ақпарат тараған еді. Өз уақытында совхозда 40 жыл бойы басшылық қызмет атқарған ақсақал қазір қалада тұратын немересінің үйіне көшіріліп, күтімге алынған.

Немересі әлеуметтік желі қолданушыларының сұрақтарына жауап беріп, ауылға көбіне амандасу үшін ғана барып тұрғандықтан, үй ішіндегі нақты жағдайды ешкім білмегенін айтты. Ол Instagram парақшасында видео жариялап, бұл оқиға бүкіл әулет үшін ауыр соққы болғанын жеткізді.

"Кейде өмір адамға ең ауыр сабақты бөтеннен емес, өз қаныңнан береді. Бір әкенің маңдай терімен өсірген 8 ұлы мен 4 қызы, бір шаңырақтан тараған үлкен әулет, бір дастарханда отырған бауырлар... Ал бүгін сол әулеттің жүрегі қан жылап отыр", – деп жазды ол.

Нұрбақыт Ақниетқызы қарияның 90 жасқа таяған шағында балалары мен немере-шөбересінің қызығын көремін деп өмір сүргенін, қартайғанда өз балаларына сүйенемін деп сенгенін айтты. Оның сөзінше, ата – әулеттің тамыры, шаңырақтың шырағы және ұрпаққа аманат.

Атаға түскен ауырлық – бір адамның ғана қайғысы емес. Ол – тұтас әулеттің жүрегіне түскен жара. Біз бұл видеоны ешкімді қаралау үшін емес, әр адамның жүрегіне ой салу үшін бөлісіп отырмыз", – деді немересі.

Ол мұндай жаста адамға байлық та, атақ та емес, баласының жылы сөзі, немересінің құшағы және отбасының амандығы ғана қажет екенін жазды. Сонымен бірге жақын адамның жүрекке салған жарасы ауыр болатынын жеткізді.

"Біз ешкімге өш емеспіз. Бізге кек керек емес. Бізге жанжал керек емес. Бізге тек атамыздың жүрегіндегі жараның жазылғаны керек", – деп жазды Нұрбақыт Ақниетқызы.

Немересі көпшілікті ата-ананы барында қадірлеуге, қарттарды құрметтеуге шақырды. Ол әр адам бір күні қартаятынын, сол кезде баласынан мейірім күтетінін еске салды.

"Бүгін ата-анамызды қадірлейік. Барында бағалайық. Жылы сөзімізді айтып үлгерейік. Ертең кеш болып қалмасын. Алла ешбір шаңыраққа мұндай сынақ бермесін", – деп түйіндеді ол.