Мен болашақта қандай педагог боламын?

Dalanews 02 қаз. 2023 16:10 3396

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы» деген Ғафу Қайырбековтің сөзі қазіргі таңда өте үлкен маңызға ие. Педагог мамандығына түсу оңай болса да, мектеп өмірінен тәжірибе жинап, нағыз ұстаз болып шығу – ке келгенге бұйыра бермейтін бақыт.

Төрт жыл бұрын барлық түлектер сияқты мен де арман қуып, «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боламын» деп Абай атындағы ҚазҰПУ-ға түстім.

Университет қабырғасында жүріп, теория мен практиканы ұштастырып, білім теңізіне тереңнен бойладым. Ұстаз болуға деген құлшынысым одан сайын артып, көп іздене бастадым. «ХХІ ғасыр мұғалімінің» моделін қалыптастыратын қабілет пен қасиеттерді байқап, өз бойыма сіңіруге тырысудамын.

ХХІ ғасыр – технологиялар мен бәсекелестіктің дамыған заманы. Қазіргі таңда мұғалім тек өз пәнімен шектеліп қалмауы қажет. Заманның дамуы оқушылардың да жан-жақты білім алуына әсер етіп отыр.

Демек, мұғалім де заман талабына сай білім беруді көздейді. Жан-жақтылық, ізденімпаздық пен қызығушылық, білімге құлшыныс, психологиялық білім – қазіргі таңдағы мұғалімге тән қабілеттер жиынтығы.

Ең бастысы – өз ісіңді сүю. Қазір көптеген түлектер өздерінің қаламаған мамандықтарына түсіп жатыр. Бұл алдымен өзіңе, екінші мамандыққа қиянат жасау. Себебі, тек өзіңнің қалаған ісіңмен айналысқанда ғана жүрегің жай табады, сонда ғана шын пейілмен жұмыс жасай аласың. Ал мен өз ісімді жақсы көремін.

«Менің қандай педагог болғым келеді және ол үшін қазір қандай іс-әрекеттер жасап жатырмын?» деген сұрақ әр педагогті мазалайтыны сөзсіз.Үлкен жауапкершілікті қажет ететін мамандықты таңдағаннан кейін бар болмысымызбен кірісіп, өзімізге есеп беріп отыруымыз керек.

Өз тәжірибеме сүйенер болсам, әр сабақта оқушыны жалықтырып алмайтындай түрлі онлайн платформалармен жұмыс жасаймын. Padlet, Quizziz, Kahoot, LearningAps, Wordwall қосымшалары сенімді серіктерімнің біріне айналды. Өз кәсіби құзыреттілігімді дамыту мақсатында қарым-қатынас орнату психологиясын меңгерудемін.

Менің түсінігімде алдыма келіп отырған әр бала – Қазақстанның болашағы. Болашағымыз жарқын болуы үшін жастарымыз білімді, құзыретті әрі жан-жақты болуы тиіс. Оқушыға тек пән бойынша сабақ беріп қана қоймай, болашағына қажетті тәрбие, ақыл-кеңесімді беруге де тырысамын.

Әр сабағымды өмірмен байланыстырып, ойлаудың алты деңгейін қолданып, тапсырмалар ұйымдастырамын. Себебі, Қазақстандық білім беру жүйесі шет ел тәжірибесіне сүйеніп дами бастады. Оқушының білімі ғана емес, өзімнің де біліміме көп көңіл бөлемін. Пәнаралық байланыстар, әртүрлі салаға қатысты мәтіндермен жұмыс істеу біраз ізденісті талап етеді. Оқушылар білімі бар мұғалімді мойындайды, құрметтейді және оған ұқсауға тырысады.

Менің мақсатым – оқушыны жақсы іске қанаттандыра алатындай мұғалім болу.
Бұл сөздерден не түюге болады? Мұғалім – психолог, мұғалім – педагог, мұғалім – ізденуші, мұғалім – шығармашылықты үзбей қолданатын тұлға. Ең бастысы мұғалім – мектептің жүрегі. Ал, жүрексіз адамның өмір сүре алмайтыны секілді, мұғалімсіз еліміздің болашағы дамымайды.

Мұғалімнің жетістігі – оқушысының өмірдің бір белесін бағындырғанын көру. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, болашақта өз ісімді шынымен жоғары дәрежеге жеткізетін, кәсіби құзыретті, білімді, оқушылар үлгі тұтатын заманауи мұғалім боламын деген сенімдемін.

Арайлым Нұрқасымова,
Айбай университеті Филология институтының студенті

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар