1980 жылдардың аяғы, 1990 жылдардың басында Шынжаңда қаламға таласқан қалың жастар баспасөзде бәйгеге қосылды. Тобы да, топаны да мол еді. Солардан санаулы жігіт, қыздар қара үзді. Қазірде арамызда аға-әпеке болып жүрген Тұрсынхан Зәкен, Ғалым Қалибек, Керім Елемес, Дәулетбек Байтұрсын, Ләззат Игісін, Алмас Ахметбек, Бекқожа Жылқыбек, Ермұрат Зейіпхан, т.б. және біз сөз етіп отырған Дүкен.
Дүкен Мәсімханұлы сол кезде өлеңмен ғана емес, сындарлы, сырбаз, ойлы мақалаларымен көзге түсті. Әсіресе «алыстан сермеп, жүректен тербеп» жазған әдеби сындары маған ерекше ұнап еді. Шынайы сынның өзі жүрек тазалығынан, ой тереңінен туады ғой. Дүкен өз қалам-қарымын солай көрсеткен-ді. Азаматты көруге құмарттым. Ақыры арамыз Атажұртта жақындай түсті.
Дүкен тағы да әдебиет беттерінде ағалығын жоғалтқан жоқ. Зерттеулер, әдеби мақалалар, өлеңдер... қойшы, әйтеуір, әдебиеттің әр жанырынан талантын танытты. Жәй көріне салған жоқ, қалам ізімен халқына адал еңбек етті. Докторлық қорғады. Ұстаздық ұлағатпен шәкірттер тәрбиеледі. Биік мінберлерден көрінді. Ел алдында еңсесін тік ұстап, қазағым деп қабырғасы қайыса жүк көтерді.
2013 жылы Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды орта мектебіне директор болдым. Бірінші болып қуана құттықтаған тағы да осы Дүкең болды. Мектеп кітапханасы 400-500 дана кітаппен жұтап тұр екен. Алыс-жақын ағайынға хат жазып, ауыл мектебіне "мейір» көрсетуін сұрадым. Қаншама қаламгерлер қол ұшын берді, кітаптар сыйлады. Сол топтың бел ортасында Дүкен Мәсімханұлы да болды. Өзінің келе алмағанын қынжыла баяндап, арнайы кісі жіберіп, мектеп кітапханасына кітаптар жіберді. Осындай алтын асықтай азаматтар мен күміс қасықтай қыздардың арқасында кітапхана қоры екі жыл ішінде 6 мың кітаппен толықты. Д.Мәсімханұлы әр кез қоңырау шалып, рухани жақтан тілектестік білдіріп отырды. Жақсылыққа қуанатынын, ел ертеңіне, ұрпақ болашағына алаңдап күйінетінін жасырмады.
«Ақын болу еркіңде, азамат болу борышың» демекші, Дүкен Мәсімханұлының әдебиеттегі, әдебиеттану ғылымындағы, шығыстанудағы еңбектерін айтпаған күнде, осындай ірі азаматтық тұлғасын, адами қасиетін көріп, танып жүрдік. Баспасөздегі сырлы, сыйлы сұхбаттары ғана емес, не бір құзырлы мекеменің есігін теуіп ашқандай болып, ел мүддесі жолында азуын айға білеп топқа түсуі талай тәнті етті. Ақ сақалды ата мен ақ самайлы әжелердің де: «осындай азаматтарымыз аман болса екен!» деген алғыс-батасын да ет құлағымызбен естідік.
«Дүкен сұхбат беріп, елді-жерді қаралапты, қытайшыл болып кетіпті. Оның үстінен сотқа арыз бере қояйық. Қол жинайық!» дегенге келсек, ол ел ішін алатайдай бүлдіргісі келген аздың сөзі дер едім. Егер Д.Мәсімханұлы Сыртқы Істер, Ішкі Істер Минстрінің бірі болса; көші-қон комитеті секілді құзырлы мекеменің құлағында отырса оның тырнағының астынан кір іздеуді алғабасар идеяны жақтаушылардың жанайқайы деп білер едік. Ал, бір әдебиетші ғалымды саясат сахнасынан сүрінгендей күйде елестетіп, оған «жақтым күйе, жаптым жала» деп шу көтерсек, ол әрине ұсақшылдық. Іштен ірітуге бастайтын берекесіздік. Азаматтың алтын басын қорлау!
«Мың өліп, мың тірілген» қазақ 1937-1938 жылдарда дәл осылай өз қолымызбен от көсеп, оғландарымызды оққа байлап едік.
«Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтқандай ес жиып, етек жаптықпа дегенде тағы баяғы қаралауға дайын ғадетімізді қайталап, ел алдында жүрген ерлерімізді тарпа бас салуға қамдансақ, елдігіміз қайда?! Кеше ондай зұлматты орыстан, немістен, қытайдан көретін едік. Енді кімнен көреміз!?
Мен білетін Дүкен Мәсімханұлы қазақ халқына керекті, өз орны бар саналы тұлғаның бірі. Оны тарих сахнасынан жұлып тастау немесе қаралау ешкімнің қолынан келмейді. Кеше ғана Елбасымыз айдай әлемнің алдында – Дүниежүзі қазақтарының 5 құрылтайында төңіректің төрт бұрышынан жиналған ағайыннан төрт танымал тұлғаны атағанда, осы Дүкен Мәсімханұлының есімін де ерекше ілтипатпен атағанын ұмыта қойғанымыз жоқ. Ұмыта қойғанды қойып мақтанышымыз болған ерлерімізбен марқайып қалғанбыз.
Олай болса, ағайын, өзгеге жақсылық жасау қолыңнан келмесе, жамандық сайлама, ор қазба, отқа итерме! Біреуге не істесең алдыңнан сол шығады. Бүгін не ексең ертең ұрпағың соны жейді. Ата-бабаңның берекенің қаймағы болған асыл дәстүрі қайда?!
Елім деген ерлеріміз аман болсын, солардың жолындағы тасты тазартып, ертеңгі елдіктің жолын даңғыл қылсақ, ұрпағымыз ұлағатымызға мақтанады. Сүрінсе демеген, алға ұмтылса жебеген, қайран қазақ баласы, досқа күлкі, дұспанға таба болма! Сыртқы жау анталаған заманда ағайынның берекесін жоғалтпа. Кереге басы ала болса, үй іші пәле болады. Бұл менің емес, сені мен менің – аталарымыздың айтқаны.
Дүкен алабөтеннің Дүкені емес, қазақтың Дүкені! Біз оны қорғауымыз керек!
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,
Қазақстан жазушылар одағының,
Еуразия жазушылар одағының мүшесі.