Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабына сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін кінәлілерге 300 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ 900 сағаттан астам қоғамдық жұмысқа тарту, бас бостандығын шектеу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзғандарға да жауапкершілік бар. Мұндай жағдайда 50 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Егер құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 100 АЕК-ке дейін өседі.
Мемлекеттік рәміздер – ту, елтаңба және әнұран – заңмен ерекше қорғалады және ел тәуелсіздігі мен егемендігінің маңызды атрибуттары саналады.
Айта кетейік, бүгін, 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні.