Петропавлдағы Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында жөндеу жұмыстары кезінде екі техқызметкер құрылыс сатыларынан құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға мектептің спорт залында жөндеу жұмыстары кезінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, әйелдер төбені сырлап жатқан сәтте шамамен бес метр биіктіктен құлаған.
Салдарынан 54 жастағы қызметкер бас-ми жарақатын, аяқтарының бірнеше жерден сынуын және ашық сынық алған. Оған ота жасалып, қазіргі жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Ал 57 жастағы екінші әйелдің кеуде және бел омыртқалары компрессиялық сынған. Ол травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр және оған да операция қажет.
Оқиға қоғамда қызу талқыланып, зардап шеккендердің туыстары мектеп әкімшілігін сынға алды. Зардап шеккен қызметкердің жиені Жанна Қапарова әлеуметтік желіде техқызметкерлерді лауазымдық міндетіне кірмейтін биіктегі жұмыстарды орындауға мәжбүрлегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған мектептің шаруашылық меңгерушісі қысым көрсетіп, жұмыстан шығарамыз деп қорқытқан.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Қазір тергеу барысында әйелдердің не себепті қауіпсіздік белдігінсіз және тиісті біліктіліксіз биіктікте жұмыс істегені анықталмақ.