Республикалық ғылыми-практикалық орталық қазақстандық ұстаздарды оқулықтарға сараптама жасауға қатысуға шақырды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Барлық рәсім E-expert.gov.kz онлайн-платформасында өтеді. Жүйе құжаттарды қабылдау мен тестілеуден бастап, эссе жазу, модульдік оқудан өту және финалдық сертификатқа дейінгі қадамдарды толық автоматтандырған. Осылайша, іріктеу барынша ашық әрі ыңғайлы болды.
Бүгінде орталық базасында жаңа форматтағы 400-ден астам сарапшы тіркелген. Олар конкурс кезеңдерінен сәтті өтіп, арнайы дайындықтан өткен.
Ұйымдастырушылар еліміздің түкпір-түкпіріндегі педагогтарды кәсіби қауымдастықтың бір бөлігі болуға және Қазақстандағы орта білім сапасын жақсартуға үлес қосуға шақырады.