Мектеп директоры мұғалімдерді праймеризге түскен байына дауыс беруге мәжбүрлеген

Dalanews 01 қаз. 2020 09:47 764

"Nur Otan" Партиялық бақылау комитеті әлеуметтік желіде тараған Түлкібас ауданының партия мүшелерін праймеризде белгілі бір үміткерлерге дауыс беруге мәжбүрлеу туралы ақпаратты тексерді, деп хабарлайды Dalanews.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеру қорытындысы бойынша Түлкібас ауданына қарасты Сартөбе кентіндегі мектептің директоры Гүлжан Әмірбекова білім ордасындағы ұстаздарын бірқатар үміткерлерге, оның ішінде жұбайына дауыс беруге мәжбүрлеп, "Nur Otan" партиясының Праймериз өткізу ережелерін өрескел бұзғандығы анықталды.

Түлкібас аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы "Сартөбе" БПҰ-ға Гүлжан Әмірбекованы "Nur Otan" партиясының қатарынан шығаруды ұсынды.

Сонымен қатар, партияішілік іріктеу өткізу жөніндегі облыстық Ұйымдастыру комитетінің шешімімен оның жұбайы Нұрлан Әмірбеков праймериз үміткерлері қатарынан шығарылды. Сондай-ақ, партияның Түлкібас аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуатбек Еркебаевқа қатысты партиялық тәртіптік жаза қолданылды.


"Nur Otan" партиясының баспасөз қызметі Елбасы, Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың партияішілік сайлауда дауыс беруді ашық, әділ және айқын өтуін қамтамасыз ету қажеттігі туралы тапсырмасын орындау аясында Орталық аппарат жергілікті жерлерде осындай "бастамалардың" жолын кесетінін тағы да атап өтті.

Бұған дейін партиялық бақылау комитеті Ақмола облысында жаппай дауыс беруді ұйымдастыру әрекетін анықтаған болатын. Нәтижесінде Сандықтау аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Л.А.Ловягинаға "ескерту" партиялық жазалау шарасы, "Білім" БПҰ төрағасы Ж.Ж.Қайырмденовке және "Білім" БПҰ төрағасының орынбасары Б.Ю.Барахоеваға сөгіс түріндегі партиялық жаза қолданылды.
Праймериз өткізу ережесін бұзған қандай да бір жағдай бойынша 8 (800) 080 4441 жедел желісіне (қоңырау шалу тегін) немесе komek@nurotan.kz электронды почтасы бойынша хабарласуға болады. Келіп түскен барлық арызды Партиялық бақылау комитеті жан-жақты қарастырады.

Кінәлілерге партиядан шығаруға дейінгі барынша қатаң шара қолданылатын болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар