Айналамыздан суық тиген, тұмау тиген адамдарды жиі көреміз. Инфекциялық аурулар көбейіп, емдеу мекемелеріне түсушілер саны артуда.
Деректерге сүйенсек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Астана қаласында ересектер арасында 1965 науқас жоғарғы тыныс жолдарының жедел қабынуы, 690 – қоздырғыштары белгілі жедел тонзиллит, 81 - қоздырғыштары белгісіз жедел тонзиллит диагноздарымен тіркелген.
Балалар арасында: 6 819 - қоздырғыштары белгісіз тыныс жолдарының жедел инфекциясы, 266 - қоздырғыштары белгілі жедел тонзиллит, 470 - қоздырғыштары белгісіз жедел тонзиллит, 32 - жоғарғы тыныс жолдары инфекциясы диагноздарымен тіркелген.
«2019 жылы инфекциялық ауруларды емдеу үшін қалалық инфекциялық ауруханаға 827,4 млн теңге, балалар инфекциялық ауруханасына 1 545,6 млн теңге бөлінді. Бұл, жалпы алғанда, 2,3 млрд қаржы, өткен жылмен салыстырғанда 0,3 млрд сомаға көп»
- дейді ӘМСҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Инфекциялық аурулардың тұмау, жел шешек, қызылша, ротовирусты инфекция, т.б. түрлері өте көп. Әр инфекциялық аурудың өз вирустары, бактериялары, т.с.с. қоздырғыштары бар. Инфекциялық аурулардың ең қауіптісі, толық емделмесе ағзаның басқа да ауруларын қоздырып жібереді. Сондықтан инфекциялық аурулардан сақтану жолдарын білген жөн.
Қазіргі сәтте маусымдық ахуалға байланысты суық тию, тұмау, баспа, тыныс жолдары сырқаттары жиі кездеседі. Белгілері жағынан ұқсайтындықтан болар, көпшілік суық тию мен тұмауды шатастырып жатады. Суық тигенде адам ағзасы оны өзі де жеңе алады. Кейде елеулі асқынулар болуы мүмкін, әрине. Дегенмен, иммундық жүйені нығайту және суық тию мен тұмаудың алғашқы белгілері білінісімен қолды жуу, тыныс алу жолдарын (мұрын, тамақ) шаю, яғни гигиенаны, тазалық шараларын сақтай отырып, сауықтыру шарасын жүргізіп, кез келген асқынуларды болдырмауға болады.
Медицина саласы жетілген, техника дамыған қазіргі уақытта, әрине, ауруды түрлі жолдармен емдеуге болады. Өз кезегінде, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры емдеу мекемелерінің медициналық қызмет көрсету сапасын өз бақылауына алған.
Дегенмен, ауруды емдегеннен алдын алған дұрыс.
Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттері бойынша үкімет белгілеген шеңберде тұрғындар үшін қызметтерді сатып алушы қаржы операторы болып табылады. Яғни, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасы – Қор бақылауында.
"Әлеуметтік медициналалық сақтандыру қоры" КЕАҚ
Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі