Қазақстанда медициналық қызмет сапасына қатысты шағым беру тәртібі өзгерді. Енді мұндай өтініштер 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы қабылданбайды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қордың мәліметінше, өзгерістер Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 8 қазандағы №648 бұйрығына енгізілген түзетулерге сәйкес жүзеге асырылған. Аталған құжат бірыңғай медициналық ақпараттық call-орталықтың қызметін реттейді.
Жаңа ережеге сай, 1414 байланыс орталығы арқылы медициналық қызмет сапасына қатысты шағымдарды қабылдау функциясы алып тасталды. Қор бұл шешім азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейту және дәрігерлік құпияның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қабылданғанын түсіндірді.
Енді тұрғындарға мұндай мәселелер бойынша ресми цифрлық сервистерге жүгіну ұсынылады. Атап айтқанда, өтініштерді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» ресми сайты – msqory.kz немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы жолдауға болады.
Сонымен қатар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты кеңес беру қызметі 1414 байланыс орталығы арқылы бұрынғыдай жалғаса береді.
