Қазақстанда көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімі бар 21 мыңнан астам жүргізуші анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл бағыттағы жұмысты Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүргізіп жатыр. Мақсат – көлікті қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін медициналық жағдайларды дер кезінде анықтау.
Қазіргі уақытта медициналық қарсы көрсетілімі туралы мәліметі бар 21 мыңнан астам жүргізуші анықталған. Сонымен қатар әртүрлі негіздер бойынша 2246 адам диспансерлік есептен шығарылған.
13 мыңнан астам адамға қатысты аумақтық полиция департаменттері сотқа талап арыз берген. Заңды күшіне енген сот шешімдері негізінде 7400 жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылған.
Жүргізушінің құқығын шектеу тек көлік басқару қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін медициналық қарсы көрсетілімдер анықталған жағдайда жүзеге асырылады. Бұл ретте жүргізуші куәлігін тоқтату туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Көлік басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдердің тізбесі Денсаулық сақтау министрлігінің №853 бұйрығымен бекітілген.
Абсолютті қарсы көрсетілімдер қатарына адамның медициналық тұрғыдан көлікті қауіпсіз басқара алмайтын аурулары мен жағдайлары жатады. Олардың арасында эпилепсия, екі көздің соқырлығы, кейбір ауыр психикалық бұзылыстар, сондай-ақ психобелсенді заттарды қолдануға байланысты жекелеген психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар.
Алайда кез келген диагноз көлік жүргізуге автоматты түрде тыйым салуды білдірмейді. Мысалы, көру, есту немесе тірек-қимыл аппаратына қатысты кейбір бұзылыстар кезінде медициналық талаптар сақталған немесе арнайы құралдар – көзілдірік, контакт линзалары, есту аппараты, қолмен басқару және басқа да бейімдеу құралдары пайдаланылған жағдайда көлік жүргізуге рұқсат берілуі мүмкін.
Егер жүргізушіден медициналық қарсы көрсетілім анықталып, заңнамада көзделген негіздер болса, тиісті ақпарат ішкі істер органдарына беріледі. Одан кейін полиция негіз болған жағдайда сотқа жүгінеді.
Осылайша, медициналық диагноздың болуы жүргізуші куәлігінің күшін автоматты түрде тоқтатпайды. Түпкілікті шешім заңда белгіленген тәртіппен қабылданады.