Алматыдағы Медеу биік таулы мұз айдыны маңындағы ақылы автотұрақ операторы «Chimbulak Development» ЖШС-не қатысты монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Компанияға қатысты ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті тиісті хабарлама шығарды.
Тексеру барысында компанияның көлік тұрағына сағатына 500 теңге мөлшерінде бірыңғай тариф белгілегені анықталған. Бұл ретте көліктің тұрақта қанша уақыт тұрғанына қарамастан ақы алынған және азаматтарға кепілдендірілген тегін уақыт қарастырылмаған.
Агенттік мәліметінше, Медеу мен Шымбұлаққа жеке көлігімен барған азаматтар 12 сағат тұрақ үшін 6 мың теңге, ал 24 сағат үшін 12 мың теңге төлеген. Сонымен қатар тегін күту уақытының болмауы Медеуден түсіп келе жатқан адамдарды күтіп алатын жүргізушілерге де қолайсыздық тудырған.
АЗРК жүргізген талдау қаланың ірі нысандары маңындағы автотұрақтарда тұрақ құнын көліктің тұрған уақытына қарай саралау қалыптасқанын көрсетті. Сондай-ақ мұндай орындарда әдетте 15 минуттық тегін кезең қарастырылған.
Агенттік компанияның бұл әрекеттері азаматтардың қоғамдық пайдаланудағы нысандар мен табиғи-мәдени мұра объектілеріне қолжетімділігіне жасанды кедергі келтіруі мүмкін екенін атап өтті.
Қазір «Chimbulak Development» анықталған заң бұзушылық белгілерін жою бойынша шаралар қабылдады. 1 қыркүйектен бастап автотұрақта 15 минут тегін тұруға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар тәуліктік тұрақ ақысы 4500 теңгеден аспайтын болады.
Жаңа тәртіп қалалық автотұрақтарда қалыптасқан жалпы стандарттарға сәйкес келеді.