Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек Үкіметке көкпар ұйымдастыру және өткізу кезіндегі қауіпсіздік талаптарын күшейту жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, кейінгі жылдары ұлттық спорт түріне қызығушылық айтарлықтай артқан. Әсіресе Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарында көкпар кеңінен таралған. Тек өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында бұл өңірлерде 130-ға жуық ресми ойын өткізілсе, биылғы наурыз-сәуір айларында олардың саны 80-нен асқан. Бұдан бөлек, түрлі ас пен тойларда ұйымдастырылатын бейресми көкпарлар да жиі өтеді.
Алайда депутат қолданыстағы талаптардың толық сақталмай отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, кейбір ойындарда қатысушылар саны шектелмейді, жас ерекшеліктері ескерілмейді және қауіпсіздік шаралары жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмейді.
"Кей жағдайда көкпарға бірнеше жүзден екі мыңға дейін адам қатысады. Мұндай жағдайда қауіпсіздік пен тәртіпті бақылау қиынға соғады", – деді ол.
Сондай-ақ депутат көкпар аттарын дайындау мен пайдалану тәртібі нақты реттелмегенін, аттарға күш көрсету, допинг қолдану және әдейі соқтығысу секілді жағдайлар кездесетінін айтты.
Мәжілісмен бұл мәселенің өзектілігін жақында Ақмола облысында болған қайғылы оқиғамен байланыстырды. 26 мамыр күні Целиноград ауданында көкпар жаттығуы кезінде 14 жастағы жасөспірім аттан құлап, алған жарақаттарынан көз жұмған.
Осыған байланысты Болат Керімбек "Жаппай көкпарға" арналған қауіпсіздік стандарттарын заңнамалық деңгейде бекітуді ұсынды. Атап айтқанда, қатысушылар санына шектеу енгізу, медициналық және ветеринарлық бақылауды міндеттеу, сондай-ақ көкпар ұйымдастыруға қатысты мемлекеттік органдар мен федерацияның құзыреттерін нақтылау мәселесін көтерді.
Бұдан бөлек, қауіпсіздік талаптарын сақтамай немесе тиісті рұқсатсыз көкпар ұйымдастырған тұлғалардың жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты.