– Мәулен Тоқтарбайұлы, биыл жол жөндеуге қатысты келісімшарт алғаш рет Алматы қаласының аудандарымен бірге жасалған екен. Осы жөнінде кеңірек айтып берсеңіз...
– «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК республикалық маңызы бар үш қала және облыста 19 филиалы бар. Қызмет саласына автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау кезіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама, жолдарды диагностикалау және аспаптық тексеру кіреді. 2019 жылы құрылған біздің мекеменің басты қызметі – жол салу, жөндеу кезіндегі материалдардың сапасын анықтау. Содан бері Алматы қаласы әкімдігі мен қалалық мобильдік басқармасы қолдап, жыл сайын келісімшарт түзіп, нысанның аумағына байланысты қаражат бөлінеді.
Иә, биыл орташа жол жөндеу жұмыстарының бюджеті аудан әкімдіктеріне берілген. Бұрын бәрі Алматы қалалық мобильдік басқарма құзыретінде болды. Қаладағы 8 аудан әкімдігімен ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша келіссөздер жүргізіліп, 7 келісімшарт жасалды.
2023 жылдың 2 қантарында «Алматы қаласы бойынша қалалық мобильдік басқармасы» КММ-мен көше-жол желісі бойынша жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуге 150 млн теңге сомасына келісімшарт жасалды. Қырқүйек айында қосымша келісіммен 40 млн теңге берілді. Ал Алмалы ауданынан басқа 7 аудан біздің мекемемен жалпы сомасы 27 млн теңгеге келісімшартқа отырды. Яғни, Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы, Алматы қалаcы Құрылыс басқармасы және Алмалы ауданы біздің мекемемен келісімшарт жасаған жоқ.
Жыл басынан біздің филиалдың мамандарымен бірге 428 тексеріс жүргізіліп, 1325-ке жуық сынама алынды. Осы алынған сынаманың 388 (29,2 пайызы) талаптарға сәйкес болмай шықты. Тексеріс барысында – 142 ақау анықталып, олардың 35-і (24,6 пайызы) қайта түзетіліп, 107-сі (75,4 пайызы) түзетіліп жатыр. Қазіргі кезде ақау саны біршама азайды десек болады. Егер талапқа сай болмаса, біз дереу тапсырыс берушіге және мердігерге хаттама жазамыз. Содан кейін белгілі бір мерзімде, яғни 7-10 күнде қалпына келтіруі тиіс. Бұл мекеме өз тарапынан айыппұл салып немесе лицензиясынан айыру, тіпті болмаса қадағалаушы инженердің аттестатын тоқтату шарасы қолданады.
– Биыл Алматы қаласының бірқатар көшесі толықтай жөндеуден өтті. Бұған соңғы үлгідегі технология көмекке келді ме? Жол салуға қолданылатын полимер, битум, қиыршықтас қоспасы өзімізде өндірілген бе?
– Дұрыс айтасыз, биыл жол салуда жаңа технологияға көңіл бөлінді. Өйткені, ауыр жүк көліктері, автобус жүретін жолақтар күн ыстығында езіліп, отырып кеткен. Сондықтан биыл магистралді жолдың бәріне полимер асфальт қосып төселді. Бұл жолдың отырмауына қарсы әрекет етеді. Енді біз бұл жолдардың сапасын жіті қадағалап отырамыз. Биыл төселген жол келесі жылы бірден нәтиже береді деуге болмайды. Оның сапасы алдағы екі-үш жылда көріне бастайды. Жалпы, республика жолдарының 80 пайызы – қанағаттанарлық делінеді. Соның ішінде басқа аймақтармен салыстырғанда, Алматы қаласы жолдарының 85 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Тіпті, көш ілгері деуге болады. Қала әкімі бұл көрсеткішті 90-95 пайызға жеткізу бағытында жұмыс істейтінін айтып жүр.
Ал жол салуға пайдаланылатын барлық материал өзімізде өндіріледі. Алматының маңайындағы зауыттан аламыз. Ал полимер қоспасы АҚШ және Францияныкі. Бұрын Алматы қаласында түнімен жол төсеп, ертесіне пайдалануға беретін. Кеппеген жолмен жүрген соң оның сапасы ұзаққа бармайтын. Езіліп тұрған асфальт сөзсіз отырып кетеді. Қазір мамандар бәрін технология бойынша салып, арнайы ережесін сақтауға көшті.
– Ал Алматы қаласы аумағына қарасты және іргесіндегі елді мекендердегі жолдар толықтай қашан жөндеуден өтеді?
– Біз тапсырыс берушінің нұсқауымен ғана жұмыс істейміз. Алматы қаласы бойынша қалалық мобильдік басқармасы мен аудандық әкімдіктер орташа жөндеу жұмыстары қай көшеге жасалуы керек екенін айтып, бізге тізім береді. Әрине, бұл мекемелер бізді барлық жол жөндеу жұмысымен қамтып отыр дей алмаймын. Біраз нысандарына аяғымыз жетпей жатыр. Себебі, берген, ұсынған қаражаты жеткіліксіз. Бұрын тек қалалық жол белгісіндегі магистралді көшелерді тексеріп келдік. Қазір келісімшарт бойынша әр ауданның кішкентай, қуыс көшелеріне дейін бардық. Яғни, біздің шеңберіміз кеңейіп, атқаратын жұмыс ауқымы артты.
– Бүгінде жол сапасын тексеруге қатысты қандай жаңашылдық бар?
– «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы қалалық филиалы бойынша айтсам, бізде жаңа технологиялар енгізіліп, бар көңілді цифрландыруға бөліп келеміз. Кешенді автоматтандыру жұмыстардың нәтижесінде жол сапасы цифрландырылған зертханада тексеріліп, сараптау нәтижесі ортақ базаға түсіп отырады. Мұнымен қоса жылжымалы жол зертханасы сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүріп отырып жолдың ақауын анықтауға мүмкіндігі бар. Әр жөндеу жұмысының уақыты болады. Егер биыл орташа жөндеу жұмысы жүргізілсе, бұл екі жылдан кейін жасалады. Ал күрделі жөндеу болса, бес жылдан кейін қайта жүргізіледі.
Инженер маманы планшетін алып, қай нысанға келіп, тексергені туралы GPS арқылы базаға бірден түседі. Тексерісі, алған материалы, қорытындысы жайында планшетке жазылады. Сол жерде тапсырыс беруші де, инженер де ЭЦҚ кілтпен қол қояды. Бұрын алып келген материалды зертханаға тапсырып, қағазбен акт жасайтын едік. Қазір қағаз қолданбаймыз. Инженер бәрін QR код арқылы тапсырады. Сол бойынша материал зерттеліп, нәтижесін шығарады. Ең соңында ғана материал қай нысандыкі және талапқа сай ма, жоқ па екені белгілі болады. Сол нақты нәтижені тапсырыс беруші мердігерге жолдаймыз. Яғни, ортада ешкім болмайды. Айта кету керек, орталық мамандары жүргізген тиімді жұмыстың нәтижесінде жол сапасы 85 пайызға жақсарды. Бұған қателік пен кемшіліктің дер кезінде анықталып, тез арада түзелуі басты себеп.
– Жолшы мамандығы соңғы кезде ғана беделге ие болып келеді. Бұрын бұл салаға жастардың келуі көңіл көншітпейтін еді. Мекеме мамандарының мектептерді, оқу орындарды аралап, жастармен кездесу өткізгенін білеміз. Нәтиже бар ма?
– 2019-2020 жылдан бері мектептерді аралап, кәсіптік бағдар беріп келеміз. Жалпы, Қазақстанда 7 мың мектеп бар екен. Әр мектептен бір бала жол салуға қызықса, 7 мың маманды тәрбиелесек, соның өзі жетіп жатыр. Осы мақсат бойынша Алматы қаласындағы, шалғайдағы аудандағы білім ұяларына барып, дәріс өткіздік. Жолшы мамандығының маңыздылығын, жалақысының көптігін тілге тиек еттік.
Мысалы, бізде механизаторлардың өзі 700 мың теңге мен 1 млн көлемінде жалақы алады. Ал учаске басшысы 500 мың теңгеге дейін табады. Себебі, маман тапшы, сұранысқа ие. Бұл салада жалақы жыл сайын өсіп жатыр. Сондықтан жастар жол салуға келсе, қандай жеңілдіктер мен бонустарға ие болатынын түсіндіреміз. Біз ақпараттандыру, кәсіптік бағдар беру жұмысын тоқтатпаймыз. Қазір осының нәтижесінде жол салуға келіп жатқан жастардың қатары көбейген.
Бүгінде Қазақстанда жол салатын мамандарды оқытатын бірнеше оқу орны бар. Мысалы, бұрын М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы болды. Қазір сол академияның орнына Логистика және көлік академиясы құрылды. Біз кезінде жол мамандығын Автомобиль жолдары факультетінде бөлек оқыдық. Бүгінде «Транспорт құрылысы» деген факультетте оқытады. Одан бөлек Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары академиясы мен колледжі бар. Бір айта кетерлігі, біздің мекеме жоғары оқу орны, колледж студенттеріне тәжірибеден өткені үшін айына 85 мың теңге төлейді. Жастар әрі үйренеді, әрі ақша табады. Қазір филиалда тәжірибеден өтіп жүрген 3 жас маман жұмысқа орналасты. Бәзбіреулер жол салуды ауыр жұмыс деп ойлайды. Әрине, кез келген жұмыстың жеңілі жоқ. Еңбектенсең ғана нәтише шығады. Оның үстіне қазір бәрі автоматтандырылған, цифрландыру жүйесіне көшіп жатыр. Біріншіден, бұл – сауапты жұмыс, екіншіден, жастар үшін жалақысы жақсы мамандық.
Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы