Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне машина жасауды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қарауға ұсынылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің қорытындысына сәйкес, құжат машина жасау саласын дамытуға, арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын қайта қарауға және өндіріс саласындағы бақылауды күшейтуге бағытталған.
Заң жобасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болатын өнеркәсіптік кластерлер институтын енгізу көзделіп отыр. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтар қызметіне қатысы жоқ бейінді емес бағыттарды алып тастау ұсынылған.
Құжатта арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылар үшін жаңа талаптар енгізіледі. Сондай ақ өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыру кезінде өндірістік алаң үлесінің ең төменгі шегі белгіленеді.
Мәжіліс қарауына енгізілген түзетулердің бірі арнайы экономикалық аймақтардың қызмет мерзімін ұзартуға қатысты. Бұл мүмкіндік қатысушылар экономикалық қызметтің басым бағыттарын сақтаған жағдайда қарастырылмақ.
Сонымен бірге ресурстардың мақсатсыз пайдаланылуын болдырмау үшін қатысушылардың шарттық міндеттемелеріне бақылау күшейтіледі.
Заң жобасында арнайы инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын қазақстандық компанияларға да жеңілдіктер ұсынылған. Атап айтқанда, қаржылық лизинг негізінде әкелінетін технологиялық жабдықтарға кедендік баждан босату енгізіледі.
Құжатта мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор қаржысы есебінен салынатын нысандарда отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарын пайдалану талаптарына мониторинг жүргізетін комиссиялар құру ұсынылған.
Сондай ақ Бірыңғай индустрияландыру картасы жобаларының тізілімі әзірленіп, жүргізілмек.
Бұдан бөлек заң жобасы түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау, сақтау, қайта өңдеу және өткізуді реттеуге бағытталған нормаларды қамтиды.
Мәжілістің барлық комитеттері құжат бойынша қорытынды берген. Жұмыс тобына жалпы саны 204 түзету түскен. Олар алты жұмыс тобының отырысында және комитеттің кеңейтілген жиынында министрліктер, ведомстволар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен талқыланған.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті заң жобасын бірінші оқылымда Мәжілістің жалпы отырысына енгізуді ұсынды. Құжат алдағы уақытта депутаттар талқылауына шығарылады.