Қазақстан билігі бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі Астанадағы зәулім сарайды әлі күнге дейін сата алмай келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аумағы 2878 шаршы метр болатын вилла қазірдің өзінде 40%-ға арзандағанымен, әлі бірде-бір сатып алушы табылмаған. Шетелдік басылымдар бұл сарайдың "люкс" ерекшеліктерін атап өтті: ғимаратта диско-бар, джакузиімен бассейн, театр және 30 бөлме бар, соның ішінде төрт адамға арналған үлкен төсек қойылған жатын бөлме де бар.
"Бастапқы бағасынан 3 миллион долларға түскеніне қарамастан (яғни 40%), Қазақстандағы кейінгі тарихи оқиғалар бұл сарайды сатуды өте қиын шаруаға айналдырып отыр. Биыл үшінші рет өткізілгелі жатқан аукцион мамырда тағы да өтпей қалды. Қазір мемлекет меншігіне қайтарылған активтерді басқаратын компания бұл мүлікті балансынан қалай шығарамыз деп ойланып отыр", - деп жазды Bloomberg.
Үкімет шетелдік инвесторларды тартуға қанша тырысса да, Астана әлі күнге дейін "миллионерлер қаласы" деген беделге ие бола алған жоқ. Ал жергілікті байлар аты да, тарихы да даулы бұл мүлікті сатып алуға асығар емес.
Бұған дейінгі жағдай
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің Астанадағы үйі әлеуметтік қажеттілікке байланысты аукционнан алынып тасталды.

Ал оған дейін тиісті лот Е-Qazyna электрон сауда алаңының сайтында жарияланған еді. Жертөлесі бар тұрғын үй елорданың Нұра ауданында орналасқан. Жалпы ауданы 2877,7 шаршы метр болатын екі қабатты үй.
Үйге әртүрлі аумақтағы бірнеше жер учаскесі кіреді, олардың бірінде гараж орналасқан. Үй 879 дана мүлікпен бірге сатылатыны айтылды. Олардың арасында жиһаз, тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар, коллекциялық монеталар, кәдесый ретіндегі қарулар бар.