Мәсімовтің экс-орынбасары бостандыққа шықты

Қаракөз Амантай 20 нау. 2024 14:21 6150

ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы орынбасары Марат Осипов темір тордан босатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Nege.kz басылымы жазды. 

“Кәрім Мәсімовтің үш орынбасарының бірі Марат Осипов бостандыққа шықты”, - делінген жазбада. 

Еске салайық, 2023 жылы 24 сәуірде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарған болатын. Сот істі "Аса құпия" деген белгімен қарады. Кәрім Мәсімов ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ете алмайды және мүлкі тәркіленеді. Ал оның орынбасарлары Әнуар Садықұлов 16 жылға бас бостандығынан айырылса, Дәулет Ерғожин колонияға 15 жылға кетті. Ал Марат Осипов 3 жылға сотталған болатын.

Қаңтарда Қазақстанда тәртіпсіздікке ұласқан жаппай наразылық акцияларынан кейін жоғары шенді барлау қызметкерлерін ұстау басталды. Алдымен Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы қызметінен алынып, мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен қамауға алынды. Оның орнына Ермек Сағымбаев тағайындалды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының орынбасарлары Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин де қызметінен босатылды.

13 қаңтарда Мәсімов билікті күшпен басып алуға және билікті асыра пайдалануға бағытталған әрекеттерге байланысты күдікке ілінгені белгілі болды. Садықұлов пен Ерғожиннің ұсталғаны туралы да хабар тарады. Кейін Мәсімов пен Садықұловты сот қамауға алып, іс "өте құпия" деп танылды. 7 ақпанда Ерғожин де соттың нұсқауымен қамауға алынды. 8 ақпанда ҰҚК "А" арнайы мақсаттағы қызметінің директоры мен аталған қызмет орталығының басшысы ұсталғаны, ал 23 ақпанда комитет басшысының тағы бір экс-орынбасары Марат Осипов қолға түскені белгілі болды.

10 наурызда ҰҚК Мәсімовке тағылған айыптар тағы да қосылды. Ол комитетті басқарған кезде жабық келісім-шарттардың бірі бойынша шет мемлекет өкілдерінен 2 миллион доллар көлемінде пара алды деген айып тағылғанын хабарлады. Сондай-ақ кәсіпкерлік құрылымдардың бірінен жоғарыда аталған элиталық қонақ үй мен Нұр-Сұлтан қаласындағы жер телімін заңсыз алған. Үйден ірі көлемдегі қолма-қол шетел валютасы, сәнді заттар мен басқа да құндылықтар табылды. Мәсімовтің мүлкіне баға беріліп, ресми деректердегі кейбір сәйкессіздіктерді анықталды. Сонымен қатар, ҰҚК көрсеткен Мәсімовтің үйі бұрын Назарбаевтың мемлекеттік резиденциясы болғаны анықталды.

16 наурызда Тоқаев қауіпсіздік күштерінің қаңтардағы жоспары ел басшылығын кетіру екенін айтты.

5 қаңтарда Бас прокурор Берік Асылов Мәжілісте Мәсімовтің ісін құпиясыздандыру ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар оның айтуынша, Мәсімов қаңтардағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылардың бірі болып табылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар