Астанадағы қымбат зәулім үйді Оқу-ағарту министрлігі өз мақсатына пайдалана алмай отыр. Нысан күрделі жөндеуді қажет ететіндіктен, оны бейімдеуге бюджеттен қаржы қарастырылмаған.
Айта кетейік, 2022 жылы Астанадағы Ерейментау көшесінде орналасқан екі қабатты сарай мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Нысан Кәрім Мәсімов пен өзге де тұлғаларға қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында тәркіленген.
2025 жылы ақпанда жалпы аумағы 2877,7 шаршы метр болатын ғимарат E-Qazyna электрон сауда алаңында сатылымға қойылды. Бастапқы бағасы - 1 883 338 958 теңге. Алайда нысанды сатып алушы табылмады.
Сол жылы сәуірде сарай қайтадан аукционға шығарылып, бағасы шамамен 200 миллион теңгеге төмендетілді. Дегенмен бұл жолы да үй өтпей қалды.
Кейін қайтарылған активтерді басқару компаниясына Астана қаласының әкімдігі әлеуметтік қажеттілік үшін ғимаратты беру жөнінде өтініш жасаған. 2025 жылы қыркүйекте нысан Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы теңгеріміне берілгені белгілі болды. Ғимарат мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мен оңалтуға пайдаланылуға тиіс еді.
Алайда 2026 жылы ақпанда сарайдың әлі күнге дейін мақсатты түрде қолданылмағаны мәлім болды. Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің айтуынша, ғимарат санитария талаптарына сай келмейді және күрделі жөндеу мен қайта жаңғыртуды қажет етеді. Сонымен қатар, материалдық-техникалық базаны толық жабдықтау керек.
Алайда мұндай жұмыстарға ведомство бюджетінде қаражат қарастырылмаған.
Қазір министрлік мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, ғимаратты оған мұқтаж өзге мемлекеттік заңды тұлғаларға беру мәселесін қарастырып жатыр. Нысанның нақты қай мекеменің теңгеріміне өтетіні әзірге белгісіз.
