Мәсімов қайда? Ішкі істер министрі жауап берді

Сағыныш Сардарова 20 нау. 2024 11:55 11959

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов қазір қайда екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

БАҚ өкілдері Мәжілісте министрге "Мәсімов қайда жазасын өтеп жатыр? Бір іс-шарада жүрген сурет бар деген ақпарат тарады. Бұл ақпарат қаншалық рас? Неліктен жазасын өтеп жатқаны туралы бірде-бір сурет, видео жоқ?" деген сұрақ қойды.

"Барлық сотталған адамды көрсете алмаймыз. Ол сотталған. Түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр", - деп жауап берді министр алғашында.

Артынша журналистер ведомство басшысынан колонияға кіріп, Мәсімовтен сұхбат алуға қаншалық мүмкіндік барын сұрады.

"Ашық көрсетсеңіздер. Неге көрсетпейсіздер жасырып?" - деді БАҚ өкілі.

"Қалай сұхбат? Оны неге көрсетуіміз керек? Қалай жасырып? Колонияға кіретін рәсімі бар. Дұрыс қой? Адам құқығына қатысты бюро бар", - деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қаулысы негізінде прокуратураның санкциясымен Кәрім Мәсімов пен Дәулет Ерғожин қылмыстық іс бойынша Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу изоляторында қамауда отырғанын хабарлады. 

Сол кезде оның қалған орынбасарлары, яғни Әнуар Садықұлов пен Марат Осиповті ұстау орындары туралы ақпарат Ішкі істер министрлігінің құзырында екені айтылды.

2023 жылы 24 сәуірде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарған болатын. 

Сот істі "Аса құпия" деген белгімен қарады. Кәрім Мәсімов ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ете алмайды және мүлкі тәркіленеді.

Кәрім Мәсімов генерал шені мен мемлекеттік наградаларынан да айырылды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар