Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов амнистия бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке, экс-министр Қуандық Бишімбаевқа және Перизат Қайратқа қолданылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 78-бабында белгілі бір санаттағы сотталғандарға амнистия жасауға тікелей тыйым салынған.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 78-бабы мемлекетке опасыздық, терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық қылмыстары және ұйымдасқан топ құрамында жасалған қылмыстар үшін сотталған адамдарға амнистия қолдануға тыйым салады», – деді Әділов.
Осылайша, аталған тұлғаларды амнистия аясында босату мәселесі қарастырылмайды.
Еске салсақ, Кәрім Мәсімов 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен сотталған болатын.
Ал Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған қаражатты жымқырды деген айыппен 10 жылға сотталған.