2020 жылдың 6 наурызында Павлодар облысы әкімі Әбілқайыр Сқақов және Eurasian Resources Group S.a.r.l. (ERG) Қамқоршылық кеңесінің төрағасы – Бас атқарушы директорының орынбасары Алдияр Қазтаев өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Меморандумға сәйкес Еуразиялық Топ Павлодар облысындағы әлеуметтік жобаларды іске асыруға 2,9 млрд теңге бөледі.
Қол қою рәсіміне ERG Директорлар Кеңесінің төрағасы Александр Машкевич қатысты.
Меморандум бойынша бөлінген қаражатқа білім беру, қоғамдық көлік пен коммуналды шаруашылық салаларын цифровизациялау, Екібастұз қаласында біліктілік орталығын ашу, Ақсу кентінде жылу қазандығын іске қосу жоспарланған. Қаражаттың бір бөлігі Павлодар облысында футболды дамыту мен қолдауға бағытталады.
Меморандумға қол қою рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов ERG компаниясының басшылығы мен барша «еуразиялықтарға» өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Оның айтуынша, компания жыл сайын орындайтын міндеттер Еуразиялық Топтың әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары деңгейін айғақтайды.
– Соңғы 8 жыл ішінде ERG аймағымызға 20 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген. Осының арқасында көптеген әлеуметтік нысандар жөнделіп, жаңадан салынып, қоғамның игілігі мен берекесі үшін қызмет етуде. Бүгін қол қойған өзара серіктестік туралы Меморандум бұл тәжірибенің жалғасы болмақ, – деді Әбілқайыр Сқақов.
Александр Машкевич меморандум аясында қаржыландырылатын жобалардың өзектілігіне назар аударып, олардың тиімділігі мен болашақта тигізер үлкен пайдасына сенім білдірді.
– Бұл заманауи әрі жаңа жобалар және бүгінгі әлем осындай шешімдерсіз өмір сүре алмайды. Біз Павлодар облысы тұрғындарының өмірін сапалы өзгертетін жобаларды барынша жылдам жүзеге асыратын боламыз, – деді ERG директорлар Кеңесінің басшысы.
Биыл Павлодар облысының аудандары мен қалаларының дамуы мен қолдауына бағытталған 36 жобаға бюджеттен 3,5 млрд теңге қарастырылған.