Мас жүргізушілерге рақымшылық жасау ұсынысы Мәжілісте сынға ұшырады

Мас жүргізушілерге рақымшылық жасау ұсынысы Мәжілісте сынға ұшырады
gov.kz

Мәжілісте қаралып жатқан қылмыстық және әкімшілік рақымшылық туралы заң жобасы аясында жол-көлік оқиғасын мас күйінде жасап, ауыр зардаптарға әкелген азаматтарды рақымшылыққа енгізу мәселесі қызу талқыланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Ішкі істер министрлігі ұсынған бастапқы нұсқада мас күйінде көлік жүргізіп, ауыр жол апаттарына себеп болған кейбір азаматтардың рақымшылыққа ілігуі мүмкін болғанын айтты.

«Неге екені белгісіз, олар рақымшылық жасалатындардың тізіміне кіріп кеткен. Мен бұған қатты қарсылық білдірдім. Президент зиян келтірген адамдарға рақымшылық жасауға болмайтынын айтты. Бірақ ІІМ оларды рақымшылыққа қосуды ұсынып отыр», - деді Әбенов Мәжіліс кулуарында.

Депутаттың айтуынша, мұндай қылмыстардың салдары көбіне адам өліміне немесе ауыр жарақаттарға әкеледі. Сондықтан оларды рақымшылыққа қосу қоғамда әділетсіздік ретінде қабылдануы мүмкін.

Әбенов Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол апатын мысалға келтірді. Оның пікірінше, жоғары жылдамдықпен көлік жүргізіп, адам өліміне себеп болған азаматтар рақымшылыққа ілінбеуі тиіс.

«Үш адамның өліміне себеп болған Александр Пактың көлігі сағатына 219 шақырым жылдамдықпен жүрген. Осындай адамдарды біз неге рақымшылыққа енгізуіміз керек? Бұл әділетсіз. Сондықтан мен Қылмыстық кодекстің 345-бабы мен 345-1-бабын рақымшылық тізімінен алып тастауды талап еттім», - деді депутат.

Өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәселенің құқықтық жағына тоқталды. Оның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 345-бабы алкогольдік немесе есірткілік масаңдық белгілері жоқ жол-көлік оқиғаларына қатысты қолданылады.

Министр орынбасары қазіргі уақытта бұл мәселе Әділет министрлігінің алаңында жұмыс тобы аясында қаралып жатқанын жеткізді.

«345-баптың бірінші және екінші бөліктеріне қатысты қазіргі уақытта Әділет министрлігінің алаңында ведомствоаралық жұмыс тобы шеңберінде жұмыс басталды. Сондықтан сіздің ұсынысыңызды қабылдаймыз және әріптестермен бірге бұл мәселені талқылаймыз», - деді Санжар Әділов.

Айта кетейік, Мәжілісте жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған қылмыстық және әкімшілік рақымшылық туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Құжат аясында бірқатар санаттағы сотталғандардың жазасын қысқарту немесе оларды жауапкершіліктен босату көзделген