"Марқұмның бірде-бір саусақ ізі табылмаған": Бишімбаевқа қатысты сотта тың деректер айтылып жатыр

Сағыныш Сардарова 17 сәу. 2024 11:56 2507

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікке ілініп отыр. Қазір оған қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Ал бүгінгі сот отырысында Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынова BAU мейрамханасындағы оқиға болған бөлменің зерттеу сипаттамаларын оқыды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот процесі барысында жәбірленуші тарап өкілі Игорь Вранчев неге бөлмеден марқұмның саусақ іздері табылмағанын сұрады.

"Салтанат болған VIP-1-де оның саусақ іздері неге табылмағанын қалай түсіндіресіз?" - деп сұрады ол Бишімбаевтан.

Кейін Бишімбаевтан "VIP-1-де оның саусақ іздерін және басқа да іздерді нашатырьмен кетірген жоқсыз ба?" деп нақтылады.

"Мен тіпті нашатырьды қалай қолдануды білмедім, Байжанов көрсетті", - деді айыпталушы.

Айта кетейік, бұған дейін судья Айжан Құлбаева Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты мәскеулік мамандар жүргізген сараптама нәтижесін іс материалдарына қосу туралы өтінішті қанағаттандырмады.

Судья қосымша сараптама жасалатыны туралы сотқа, прокурорларға уақтылы хабар берілмегенін және сараптама заңды бұза отырып жасалғанын айтты.

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Сот отырыстарында оқиға болған кездің, дәлірек, Бишімбаев Салтанатты шашынан сүйреп, тепкілеген сұмдық кадрлар көрсетілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар