Марқұм Нұрай Серікбай ісіне қатысты тың дерек айтылды

Марқұм Нұрай Серікбай ісіне қатысты тың дерек айтылды
Фото: ашық дереккөзден

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық істі сотта қарау басталды. Мемлекеттік айыптаушы жариялаған тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы бойжеткенге барлығы 35 рет пышақ жарақатын салған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот отырысының басында судья айыпталушы Шерхан Аймаханнан жеке басына қатысты мәліметтерді сұрады. Ол 33 жаста екенін, Шымкент қаласында туғанын, «энергетик» мамандығы бойынша жоғары білім алғанын айтты. Сондай-ақ үйленбегенін және бұған дейін сотталмағанын жеткізді.

Жәбірленуші тарап тікелей эфир өткізуді сұрады

Марқұмның отбасы өкілдерінің адвокаттары сот процесін тікелей эфирде көрсетуді өтінді. Олардың пікірінше, қоғамда үлкен резонанс тудырған іс барынша ашық қаралуға тиіс.

Адвокаттар трансляция қудалау мен сталкингтің қандай ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін көрсетуге көмектесетінін айтты. Сондай-ақ бұл басқа қыз-келіншектерге өз құқықтарын қорғау жолдарын түсіндіруге ықпал етеді деп есептейді.

Алайда айыпталушының қорғаушылары сот отырысын тікелей көрсетуге қарсы болды. Судья жәбірленуші тараптың өтінішін қанағаттандырмады.

Айыпталушы алқабилер сотынан бас тартты

Отырыста Шерхан Аймахан қылмыстық істің алқабилердің қатысуымен қаралуын қаламайтынын мәлімдеді. Осыдан кейін мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқуға кірісті.

Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыс болған күні айыпталушы алдымен Нұрай Серікбайға бес рет пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан кетіп қалған. Алайда көп ұзамай қайта оралып, бойжеткенге тағы 30 рет пышақ сұққан.

Осылайша, айыптау актісінде жәбірленушіге барлығы 35 рет пышақ жарақаты салынғаны көрсетілген.