Қазақстанда маркетплейстер арқылы тауар сататын кәсіпкерлерге қатысты жаңа талап енгізу жоспарланып отыр. Егер сатушы тауардың шығу тегін растайтын құжаттарды ұсынбаса, оның аккаунты уақытша бұғатталуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Заң жобасында көрсетілгендей, елімізде маркетплейстер арқылы жалпы құны 2 триллион теңгеден астам тауар сатылған. Оның ішінде 200 миллиард теңгеден астам тауардың шығу тегін растайтын құжаттар ұсынылмаған.
Осыған байланысты келесі жылдан бастап маркетплейстерде тауар сататын, бірақ өнімнің заңды шығу тегін дәлелдей алмайтын сатушылардың аккаунтын бұғаттау арқылы сауданы тоқтату тетігін енгізу ұсынылып отыр. Бұл шараны салық органдары жүзеге асырады.
«Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында аталған норма көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға ықпал ететіні атап өтілген.
Жаңа талаптың нақты қалай іске асырылатыны және қандай құжаттар тауардың шығу тегін растауға жеткілікті болатыны заң қабылданғаннан кейін белгілі болады.