Облыс әкімі Мырзакент кентінің орталық алаңындағы күзгі жиын-терім науқанын қорытындылауға арналған «Алтын күз – 2018» іс-шарасының бел ортасынан табылды.
Биылғы жылы мақтааралдық диқандар 60 926,3 гектар жерге егістік ексе, оның 38 593,2 гектары мақта дақылына тиесілі. Аудан бойынша бүгінге дейін 96 мың 600 тонна «ақ алтын» жиналған.
Айта кетелік биылғы жылы қазақ мақтасына 100 жыл толып отыр. Осынау айтулы күнге орай аймақ басшысы Атакент кентіндегі «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтында өткен Қазақ мақтасының 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференциясына қатысты.
Жалпы айтқанда Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерейтойы ерекше тойланды. Атап айтар болсақ «Мақтааралым – мерейлі мекенім» атты музыкалық театрландырылған қойылымынан кейін аудан тұрғындары мен меймандар «Терме – бойтұмарым» атты термешілер байқауын, «Палау фестивалі» іс-шарасын, жастар арасындағы жайдарман ойындарын тамашалады. Мұның арты аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
3 күнге жоспарланған шара «Алпамыс батыр» стадионында тауар өндірушілер мен қолөнершілер көрмесі, «Бауырсақ фестивалі» іс-шарасы және бүкіл қазақтың делебесін қоздырған көкпар аламаны ойынымен қорытындыланды.
Мақтаарал ауданы Түркістан өңірінің қиыр оңтүстігінде орналасқан, ақ алтынның ордасы саналады.